Ақтөбе облысында жол апатына түскен балаларға көмек керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жол апатына түскен балаларға көмек керек

19.05.2023

Ақтөбеде жол апатынан зардап шеккен сегіз оқушы көмекке мұқтаж. Осыдан бес ай бұрын жарысқа бара жатқан балалар апатқа ұшырып екі жасөспрім мүгедек болып қалды. Басқалары да ұдайы дәрігер бақылауында болуы тиіс. Бірақ шалғайдағы Шұбарқұдық ауылында тұратын балалардың ата-аналары тиісті мекемелерден қолдау болмай жатыр дейді. Бұл жол апатына түскен сол оқушылардың бірі. Анасының айтуынша бір аяғы екіншісінен екі сантиметрге қысқа болып қалған. Сондықтан оған ұзақ мерзімді ем қажет. Бірақ облыс орталығына жиі келе беруге қаржы тапшы.

Бибінұр Кәрібаева, Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

Дәрігерге қаралудан өтіп келдік. Баламда алда әлі үш отасы күтіп тұр. Бұл отада баламның аяғы түзеліп кету, түзелмеуіне ешқандай ешкім кепіл бермей тұр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл оқиға өткен жылдың желтоқсан айында қазір біз тұрған Шұбарқұдық-Ақтөбе тас жолында болған еді. Жаттықтырушы мен тоғыз бала облыс орталығында болуы тиіс волейбол жарысына келе жатқан. Өкінішке орай бір оқушы көз жұмып, басқалары әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алды.

Аударылған «Тайота Естима» көлігінің рөлінде спорт мектебі директорының орынбасары болған. Полиция департаменті оның қалғып кеткенін хабарлады. Жаттықтырушы да ауыр жараланған еді. Ал ата-аналар бұл оқиғаға бір ғана адам кінәлі емес дейді. Айтуларынша жауаптылар қазір балалардың денсаулығына алаңдайтын емес.

Гүлнұр Әділгереева, Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

Балаларымызға әр түрлі ем шара, оталар жасалды. Енді біз айтқымыз келетіні қазіргі таңда осы балалардың денсаулығына ешкімнің, яғни, атап өткендей білім бөлімі бар, оның ішінде спорт бөлімі бар, аудандық спорт бөлімі, жасөспірімдер спорт бөлімі бар. Осы тараптардан ешқандай қызығушылық болып жатқан жоқ.

Ата-аналардың айтуынша балалары әлі күнге дейін өз-өздеріне толық келмеген. Сондықтан бейнекамераға түсуге де қарсы. Қазір екі оқушыға мүгедектік беру туралы құжаттар әзірленіп жатыр.

Бақытжан Түлкібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Не зат босла да да, үш айдан кейін не алты айдан кейін оңалту шараларынан өту керек. Оған ем шаралары, дәрі-дәрмек кірмек түгілі оның кері әсері де бар ғой. Сондықтан біз өзіміздің медициналық көрсеткіштерге байланысты бағалап, дәрігерлер қорытындысын шығарады.

Ал спорт басқармасы мамандары жағдайы ауыр балаларға оңалту шаралары қарастырылмағанын ашық мойындап отыр.

Айбат Ермекбаев, облыстық спорт басқармасының бөлім басшысы:

Оңалту болғанда басқарма тарпынан ондай нәрсе қаралмаған. Бірақ қолдан келген шаралар атқарылуда. Мәселе бақылауда, еш ұмытып кеткен жоқпыз. Өткен іс деп ысырып тастаған жоқпыз.

Балалардың қауіпсіздігіне бейжәй қарағаны үшін спорт мектебі директорының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сот процесі әлі жүріп жатыр. Осы оқиғадан кейін жарысқа баратын оқушылардың тасымалына ерекше көңіл бөліне бастады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу