Қызылорда облысында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 білім ордасының құрылысы басталады. Оған мемлекет есебінен 19 миллиард теңге қарастырылмақ. Мектептің бесеуі қалада салынады. Қазір жер телімдері белгіленіп, мердігерлер анықталып жатыр.
Халық саны көбейген Арай мөлтек ауданында биыл 1500 орындық зәулім мектеп бой көтереді. Аумағы үш гектарды құрайтын жер бүгінде сараптамадан өтіп, тегістелген. Нысан құрылысы жуық арада басталады. Жалпы алдағы үш жылда облыста 15 мың баланы қамтитын 21 жайлы мектеп салу жоспарда бар.
Мейрамбек Шермағамбетов, облыстық Білім басқармасының басшысы:
Осы «Жайлы мектеп» жобасына байланысты және де қалада 4 мектептің жанынан қосымша құрылыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде мына апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер осы үш жылдың ішінде толық шешімін табатын болады.
Соңғы жылдары облыста демографиялық өсім жоғары болғандықтан мектепке баратын бала саны да күрт артты. Қазіргі таңда сынып жетіспеушілігінен 6 білім ордасы үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Соның бірі қаладағы 101 мектеп. Биыл мұнда бастауыш сынып оқушылары үшін 700 орындық қосымша ғимарат салынып, мәселе оң шешімін тауып отыр.
Айгүл Өткелбаева, №101 мектептің директоры:
Қазір халықтың саны өте көп. Бізде жыл сайын бірінші сыныпқа 10-12 сынып қабылданады. Қазір осы қосымша құрылыстың салынуымен бізде үш ауысымдық мәселе толығымен шешіледі. Яғни, біздің балалар екі ауысымда толық оқитын болады.
Биыл аймақтың білім саласына 260 миллиард теңге қаралған. Бұл облыс бюджетінің тең жартысы. Осындай қолдаудың арқасында осы жылы елдімекендердегі 47 мектеп жаңғыртудан өтетін болады.
Әділбек Серікұлы