Қонаев қаласының басты проблемасы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласының басты проблемасы қандай?

21.05.2023

Бір жыл бұрын Қазақстан картасы өзгерді. Былтыр үш бірдей жаңа облыс құрылған еді. Апта сайын әр облысқа тоқталуды жөн көрдік. Бірінші материал Қонаев қаласына арналады. Еншісін алып, облыс орталығына айналғанда жаңа өңірлер жұрты қуанды. Өйткені бюджет көлемі ұлғаяды. Жұмыс орындары ашылуы тиіс. Мысалы, Алматы облыстық әкімдігінің ақпараты мынадай: Биыл қаңтар – сәуір айларында 148 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 120 пайызға артық. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 123 миллиард теңгені құраған. Ал, өнеркәсіп 555 миллиард теңгенің өнімін өндірген екен. Дегенмен, еңбекпен қамтылмағандар әлі де бар. Бір жылда облыста 19 мыңнан астам жұмыссыз ретінде тіркелген екен. Алматы облысындағы ауқымды жобаның бірі G4 City. Бұл 4 ауданнан тұратын үлкен қала. Әзірге олар: Gate, Growing, Golden және Green District деп аталады. Болашақта ономастикалық кеңестің шешімінен соң түпкілікті атауын алуы тиіс. Әрқайсында өзінің әкімшілік ғимараты, оқу мекемелері, өндіріс орны мен ойын-сауық орталығы болады. Бірақ қай жылы? Үлкен сұрақ. Осы G4 жобасы туралы 2006 жылдан бері айтылып келеді. Оны жүзеге асыру үшін әртүрлі шетелдік компания тартылды. Сөйтіп, 12 жылда түрлі шаралар, талқылаулар, брифингтер өтіп, 2017 жылдың соңында үкімет Алматы облысындағы Гейт сити бас жоспарының күші жойылғаны туралы жарлық шығарады. Жоба Алматы облысының әкімдігіне жүктеледі. Оның аумағы бұрынғыдай 8 мың емес, 2 мың гектарға, ал халық саны 130 мың адам емес, 60 мың адамға дейін азаяды. Ал оған бөлінген қыруар қаржы қайда?! 2008-2015 жылдары бұл жоба үшін 31 миллиард теңге бөлініпті. Қазір «Қала қақпасы» деп аударылатын «Гейт сити» ауданында құрылыс қайта жанданыпты. Қалған үшеуіне үкімет инвестор іздеп әлек. 2006 жылдан бері айтылып келе жатқан жоба енді толығымен 2050 жылы аяқталады деп отыр.

Айдос Күнесбаев, Алматы облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бас жоспарлау бөлімінің басшысы:

Алматы - Өскемен трассасының бойынан Қонаев қаласына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл жерде көлемі 111 мың шаршы метр гектарды қамтып, мерзімі 2050 жылға дейін халық саны 2 миллионға жуықтайды деп жоспарланып отыр.

«Джи төрттің» қызығын немерелеріміз көріп қалар! Алысқа бармай, Қонаевта 1 жылда не өзгергенін білейік. Жергілікті халықтың қандай талап-тілегі бар? Облыс орталығы болғалы, тұрмыс сапасы өзгерді ме? Бастысы, жұмыссыздық мәселесі шешіле ме? Қонаевқа арнайы барған Елдос Есенболдың бейнематериалы.

Елдос Есенбол, тілші:

60 жылдай бұрын осы аймақта Қапшағай Гидроэлектрстанциясын салу жұмысы басталған. Нәтижесінде Қапшағай деп аталатын жаңа қаланың тарихы басталды. Қазір 72 мыңға жуық тұрғыны бар. Былтырдан бері Алматы облысының орталығы. Дінмұхаммед Қонаев атындағы қала. Қызығы шаһарға тарихи тұлғаның атын берерде қарсы болғандар да табылған екен.

«Қонаевтың өзі бұл шешімді қолдамас еді». Көзкөргендер осындай уәж айтыпты. Десе де қаланың аты өзгерді. Ал, заты ше? Бүгінгі Қонаевтың келбеті осындай. Ескі қалаға түрлі-түсті шамдар мен муралдар арқылы сән беруге тырысқан. Жасыл желекті де мейлінше көбейткен. Жаяу-жүргіншілер жолын жаңғыртқан. Кез-келген өңір үшін басты капитал –адам. Ал, азамат үшін керегі баспана. Облыс орталығы болғаннан соң мұнда 10-ықшам ауданның құрылысы басталған. Себебі Қонаевтың өзінде 15 мың адам үй кезегінде тұр.

Ержан Қосбаев, Қонаев қаласы құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Үш 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл біз қыркүйек айында құрылысы бітуге жоспарланған. Бұдан басқа осы ықшам ауданда 107 үйдің құрылысы жоспарланған. 24-26 жылдарға. Шаршы метрі 310 мың теңге болады. Қазіргі уақытта 1 миллиардтай қаржы игерілді. Жалпы сомасы 2,9 миллиард.

Биыл күзде 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуы керек. Алдағы екі жылда тағы екі білім ордасы салынады дейді. Балалар емханасы мен жұқпалы ауруханалар емханасы да бой көтереді деген жоспар бар. Бұған себеп қаланың бас жоспарын Үкіметтен кеше ғана мақұлдаған. Енді қалалық облыстық мәслихат қарауынан өтуі керек. Сондықтан әзір әкімшілік ғимараттар тапшылығы байқалады. Мысалы облыстық әкімдік бұрынғы казино ғимаратына жайғасқан. Осылай ойынхана саны біреуге қысқарған. Жұмыс істеп тұрған тағы бесеуі бар.

Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:

Қазіргі таңда қалада бізде 5 казино бар. Және қаламызда 4 слоттар бар ойын автоматтары орналасқан. Оның үстіне қаламызда тіркелген 6 букмекерлік контора бар. Олардан түсіп жатқан қаражаттың барлығы республикалық бюджетке кетеді. Бәрін санаған кезде алатын болсақ 7,5 мыңдай адам сол жерде жұмыс істейді.

Жалпы Қонаевтың тіршілігі жазда қызады. Себебі жағажайына келушілер көп. Былтыр Қапшағай бір маусымда 1 миллионнан астам турист тартыпты. Биыл бұл межені 200 мыңға арттырсақ деген жоспар бар екен.

Асхат Жексенбаев, Қонаев қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

Үш те сегіз шақырым жағажайдың бойы бізде қазір абаттандыру жұмыстарына кетеді. Бұл жерде велосипедпенн жүруге арналған жолақтар болады және осы жағажайдың бойында амфитеатр салу жоспарда бар. Арнайы кемелерге, яхталарға үш пирс жоспарланған.

Азаматтар үшін жағдай жасалады. Тек олар да өз кезегінде жауапкершілікті сезінсе құба-құп дейді жастар жағы. Қонаевтың кірісі тек жағажайдан емес. Мұнда 60 жуық құрылыс материалы өндіріледі. Қала маңындағы Шеңгелді ауылдық округі егін, балық шаруашылығына ден қойған. Шаһарда бір жылда 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:

Арна өндірістік аймағымыз бар. Жалпы аумағы 1300 га. Сол 1300 га-ға 6 үлкен-үлкен құны 150 миллиард теңгені құрайтын инвест жобаларымыз бар. Ол жерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Қаланың басты проблемасы – инфрақұрылым. Мысалы кәріз орталық жүйесі 60 жылдары салынған. Яғни, қала енді құрылғанда. Содан бері жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жетіп тұр. Биыл ғана 16 миллиард теңгеге жаңартылмақ. Жылу қазандығы да жетпісінші жылдары тұрғызылған. Биыл өзге өңірлерден сабақ алған әкімдік оны да жартылай жаңартамыз деп отыр. Тас жолдарды да бүтіндеу басталған.

Асхат Жексенбаев, Қонаев қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда осы Қонаев қаласының Сейфуллин көшесінде толықтай жөндеу жұмыстары басталды. Бұдан бөлек бізде 8 және 10 шағын аудандарда, Гүлдер және Қарлығыш шағын ауданында жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жоспарда бар. Үш шағын ауданға 1 миллиард 128 миллион теңге бөлінген.

Бірақ ең басты мәселе жұмыссыздық пен кадр тапшылығы әлі түбегейлі шешілмеген. Мысалы, қазір 3 дәрігер жетіспейді. Келешекте екі бірдей жаңа емхана ашылатынын ескерсек, бұл сан еселеп өсетіні белгілі. Әрқайсы шамамен 1000 оқушыға шақталған үш мектеп жұмысын бастағанда педагогтар да қажет болады. Жалпы, Алматы облысында 19 мыңнан астам азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Жергілікті билік құрылысшы, дәрігер, IT саласының мамандары Қонаевқа келеді деп үміттеніп отыр.

Елдос Есенбол, тілші:

Бұл Қонаев қаласының биіктен қарағандағы көрінісі. Баяу толқыған Қапшағай. Көз тартарлық табиғат. Болашақта анау жатқан Бақанас жолының бойына Жаңа Іле деп аталатын қала салынады. Аумағы шамамен 400 гектардан асады. Ол кезде әрине халық саны да өседі. Туристер де көбеюі керек деп жоспарланған.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу