Жамбыл облысында ауыл тұрғындары ауызсуға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары ауызсуға зәру

22.05.2023

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары жалғыз құдыққа қарап отыр. Тіршілік нәрінен тарыққан Әбілхайыр ауылының халқы 30 жылдан бері су сұрап келеді. Айтуларынша, өркениет нышаны жоқтығынан көп тұрғын көрші ауылдарға көшіп кеткен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бұқара осылай бөшкелерін сүйретіп, сай ішінде сарылдап аққан жалғыз құдық басына жиналады. Қырдан асып, қырқадан түсіп келген ел көппен бірге кезекке тұрады. «30 жылдан бері көрген күніміз осы» деген ел азапқа айналған ауызсудың әлегінен құтылуды армандайды.

Бұқараның басын қосатын бір ғана құдық тұтас ауылға қызмет етеді. Жылдар бойы судан тарыққан жұрттың біразы ауылды тастап көшіп кеткен.

Сыдықа Нәдірова, ауыл тұрғыны:

Ауылдың атын айтуға ұяламыз. Біз көшіп келген уақытта бұл жерде 52 отбасы тұрған.

Нұржан Ералиев, ауыл тұрғыны:

Енді адамдар көшіп жатыр бұл жерден. Көшіп жатқаны – су жоқ, 30 жыл болды. 30 жылда мына ауылға су кіргізе алмады ғой. Бұл арман болып кететін сияқты ғой.

Бүгінде ауылда небәрі 20 отбасы қалған. Кенезесі кепкен елге 200 метр тереңдіктен шығатын артезиан құдығын амалдаудан басқа қайран жоқ. Оның өзінен жаздың күні тамшы тамбай қинайды. Ауылдықтар аулаларына құдық та қазып көрген. Бірақ 70 метр жерді қазса да ішетін су ілікпеген. Көктайғақ пен жаңбырда әбден әлек боламыз деген ел шенеуніктердің өздеріне шелек көтеріп көруді ұсынды.

Ал аудандық әкімдік жалғыз құдық басында жанталасқан тұрғындар талабын орындау қаржыға қарап тұр дейді.

Қабілет Әбдірахманов, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

Сметасы дайындалып, бюджеттік өтінім тапсырылды. 56 млн теңге бөлінсе мәселе шешіледі. 200 адамнан халқы аз 6 елдімекен бар ауданда, сол алты елдімекенге биылға жоспарлап отырмыз.

Әкімдік ауылға су тарту жүйесін кешенді блок модуль түрінде қоймақ. Ал аудандағы 46 ауылдың 14-інде су жоқ. Оларға алдағы екі жылда құбыр тартып бермек. Жалпы облыстағы 387 елді мекеннің 85-і ауызсуға зәру.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу