Алматының бірнеше ауданында су 10 күнге тоқтатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының бірнеше ауданында су 10 күнге тоқтатылады

22.05.2023

Астана ғана емес, Алматының бірнеше ауданында да ай соңына дейін ауыз су болмайды. Тұрғын үйлермен қатар, ірі нысандарға да тіршілік нәрі берілмейді.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Алматыда да ауыз су жоқ деген ақпарат бар. Шыныменде тіршілік нәрі 10 күндей болмайды. Бірақ бүкіл қалада емес. Мегаполисте ауыз су мамырдың соңына дейін кезекпен тоқтатылады.

Мәселен кеше түнгі оннан бері Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы «Нұршашқан», «Қайрат» шағын аудандарында және Алматы облысына қарасты Талғар ауданындағы Белбұлақ, Гүлдала, Луч, Тұздыбастау, Түзусай, Бірлік, Бесағаш елдімекендерінде де су жоқ. Оларға ауызсу 30 мамыр таңғы 9-да толық берілмек. Себебін мамандар былай түсіндірді.

Ақбота Жылысова, «Алматы Су» МКК өкілі:

Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолы қиылысында үлкен жол айрығы салынып жатыр. Сол жерде біздің диаметрі 1400-дік және 1200-дік су тартқыштарымыз орналасқан. Сол құрылыстың астында. Сол су тартқыштарды шығару мақсатында жұмыстар жүргізейін деп отырмыз.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Құрылыс жүргізу себебінен су тоқтайтынын «Алматы су» мекемесі өткен аптадан бері хабарлаған, алайда кейбір тұрғындарға бұл ақпарат жетпепті. Бір емес, бірнеше күн сусыз қалатындарын естіген кейбір ата-аналар балаларын жетектеп туыстарына кетті.

Жауаптылар 30-шы мамырға дейін Алматыда су өшірілмейді деп отыр. Айта кетейін, Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолындағы жол айрықтың құрылысы 2020 жылы басталған, құрылысшылар биыл тамыздан қалдырмай пайдалануға береміз деп отыр.


Хабарламаларға жазылу