«Тәуелсіздік алғалы бері тегіс жолға жете алмай келеміз». Жамбылда осылай деген бірнеше ауылдың тұрғындары аудан орталығына апаратын жолды жөндеп беруді сұрайды.
Айтуларынша, Қонаев және Әбілқайыр ауылының 20 шақырым жолы 30 жыл бойы қараусыз жатыр. Бұқара ойдым-ойдым болған күре жолдың кесірінен Тараз қаласы мен Тұрар Рысқұлов ауданына бару азапқа айналғанын айтады. Тіпті елдімекенге жедел жәрдем шақыруды да қойдық дейді. Өйткені қираған жолмен қатынау ұзақ уақытты алады.
Қанат Махатов, Әбілқайыр ауылының тұрғыны:
Мына жерге такси жалдасаң ауылға 5 мың алады. Жолдарың жаман деп. Жедел жәрдем де келмейді.
Ержан Тыныбеков, Қонаев ауылының тұрғыны:
Міне, жолды көріп отырсыңдар ғой қазір. Талқан болып жатыр. Жылда машинаң шашылып, есіктері қирап жатады.
Аудан әкімдігі облыстық маңызы бар жолдың бізге қатысы жоқ деді. Ал жолға жауапты облыстық басқарма асфальттың төселмеуін мердігерлерден көреді. Өйткені осыдан 2 жыл бұрын тендерді ұтқан қос компания соттасады. Артынша мемлекеттік сатып алу жұмысында қателіктер кеткені анықталып, аударылған ақша қазынаға қайтарылады. Енді әкімдік екінші рет жолды қайта жөндеуге кірісетін болады.
Олжас Орынбеков, Облыстық автомобиль және жол басқармасының Бас маманы:
Бүгінгі таңда мердігер анықталды. Ол «Рауан» ЖШС. Техникалық қадағалаушыны анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жоспар бойынша бұл жұмыс 2 ай болады.
Данияр Әлімқұл