Қазақ-Өзбек шекарасында жүздеген көлік кептелісте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Өзбек шекарасында жүздеген көлік кептелісте тұр

24.05.2023

Қазақ-Өзбек шекарасында жүздеген көлік кептелісте тұр. Түркістан облысындағы «Қазығұрт» кеден бекетінде кезегін күткен шетелдік көліктердің легі бірнеше шақырымға созылады. Кеденшілердің кесірінен жолда қалдық деген жүргізушілер мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.

Бақыт Жиенбаев, жүргізуші:

Сағат 10.00 шамасында келіп тоқтағанбыз. Содан бері әлі тұрмыз. Тек 200 метрге жылжыдық.

Дилмурод Бакиров, жүргізуші:

Бұл жерде не жуынатын не тамақ ішетін асхана жоқ. Алысқа бара алмаймыз, кезегің өтіп кетуі мүмкін. Тыныш демалып, ұйықтап, жуынып алуға болатындай тұрақ жасау қиын емес қой.

«Ал шекарадағы кептеліске Сарыағаштағы «Қапланбек» бекетінің жөндеуге жабылғаны басты себеп болып тұр», - дейді мамандар. Қазір жүк көліктері басқа үш бекет арқылы өткізіліп жатыр. Дегенмен, көлік саны жылдан жылға артқан. Бұған дейін «Қазығұрт» бекетінен күніне тек 10 жүк көлігі өткізілсе, қазір олардың саны 250-ге жуықтайды.

Айнұр Сартаева, Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Шекарада автокөліктердің көбеюі маусымдық жағдайға байланысты болып отыр. Яғни, ол Өзбекстаннан елімізге жеміс-жидектер, көкөністер көбірек әкелініп жатыр. Содан бөлек ол Өзбекстан Республикасынан Ресейге де транзит арқылы кетіп жатқан жайы бар. Кеден қызметінің өкілдері көбейтіліп, штат қайта жасақталды. Сонымен қатар бас диспетчерлік басқарма тәулік бойы жұмыс жасап жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу