Абай облысында орман өрті әлі дес бермей тұр. Тілсіз жауға тосқауыл болуға қатты жел кедергі. Мамандар екінші тәулік, күні-түні арпалысқанмен от 3000 га аумақты шарпып үлгерді. Бүгін оқиға орнына өзге облыстардан өрт сөндірушілер көмекке келді. Өңірден Ержан Жақып баяндайды.
Ержан Жақып, тілші:
Қазір біз өрт ошағынан шамамен 10 шақырым қашықта тұрмыз. Бұл жерде жедел штаб орналасқан. Кеше мамандар, өрттің таралуын тоқтатқан. Алайда түні бойы қатты жел ырық бермей, қызыл жалын 3000 гектар жерді шарпып үлгерген. Сондықтан бүгін Астанадан, Павлодар мен Қарағандыдан қосымша көмек келіп жатыр. Оның үстіне әскери ауыр техникамен тікұшақтар жеткізілген.
Өртеніп жатқан аумаққа жақын орналасқан 4-5 елді мекен бар. Солардың ішіндегі Ивановка және Березовка ауылдарына қауіп төнген. Тұрғындарға ескерту жасалып, халықтың дені түнде өз күшімен қауіпсіз жерге кеткен.
Гүлбаршын Ахметова, Ивановка ауылының тұрғыны:
Құжат бір қабат киімімізді бәрін сөмкеге дайындап, халық көшірілді ауылдан. Апаттан сақтап алып қалу үшін кеше түнде шипажайдан көшірді.
Қазір жақын жердегі ауыл тұрғындары түгелдей жұмылып ерікті түрде өрт сөндірушілерге көмек беріп жатыр. Ас-суын дайындап, қажеттімен қамтамасыз етуде. Қызыл жалынды өшіруге 400-ден астам адам, 100-ден аса техника жұмылдырылған. Өрт сөндірушілер тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.
Мерей Базарбек, өрт сөндіруші:
Біз кешеден бері жүрміз санамаймыз ғой. Арасында ұйықтап қоясың. Қазір ауа райына байланысты бәсеңдейді. Одан кейін күшейеді. Жел бар.
Өртті әуеден сөндіру үшін бүгін бірнеше тікұшақ жұмылдырылды.
Дмитрий Титов, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:
Үш тікұшақ әуеден сөндіріп жатыр. Оған қосымша Қорғаныс министрлігінен тағы бір тікұшақ көмекке келді. Адам күші мен техника жеткілікті. Елді мекендерге келер қауіп жоқ.
Орман өртінің өрши түсуіне жел бағытының күрт өзгеруі себеп болған. «Казгидромет» болжамдары бойынша Бородулиха ауданында алдағы екі күнде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін артпақ. Сондықтан, мамандар тосыннан келген табиғи апатқа тосқаулы болуға бар күшін салып жатыр.
Ержан Жақып