Орталық Азияның транзиттік әлеуеті қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азияның транзиттік әлеуеті қандай?

24.05.2023

Орталық Азияның транзиттік әлеуеті қандай? Астанада «Қазақстандық авиациялық диалог» атты форумда осы сауалға жауап іздестірілді. Онда авиация саласындағы сарапшылар мәселені талқылауда. Әсіресе, биоотынға көшу мәселесі кеңінен зерделеніп жатыр. Бұл ретте, Қазақстан экологиялық таза отынды өндіріп, оны әуе тасымалында тұтына ала ма деген сұрақ туады. Себебі, қазірдің өзінде дәстүрлі отынның өзі жетіспей жатыр. Алматы халықаралық әуежайы жылына 2 млн 700 мың адамды қабылдауға шақталған. Бірақ былтыр 7 млннан аса жолаушы болыпты. Сондықтан жаңа терминалдың құрылысы жүріп жатыр. Болашақта бұл әуежай Орталық Азиядағы хабқа айналуды көздеп отыр. Алайда ол үшін әуелі әуе отынының тапшылығын жою керек. Қазір мұнда жылдық дефицит 400 мың тонна шамасында.

Aльп Эр Тунга Эрсой, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті:

Біз отандық, жергілікті жанар-жағар майды көбірек сатып алғымыз келеді, соны сұраймыз. Бұл әуе компаниялары қойып жатқан бағаға да оң әсер етеді. Сондай-ақ шетелдік компаниялар да қызығушылық танытып, транзиттік рейстердің қатарын арттыруға болады.

Қазақстанда үш мұнай зауыты бар. Санаулы жылдар бұрын жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде авиа керосинді өндіру көрсеткіші 300 мың тоннандан 660 мың тоннаға дейін өскен. Бірақ, мұның өзі аз. Жалпы жылдық тұтыну көрсеткіші 830 мың тонна.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

Тапшылық бар. Дегенмен біздің авиакеросиніміз пассажирлік компанияларға тікелей барады. Бұл әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды сұрақ. егер біз. Ал осы аэропорттар бізден тікелей алып, кейін 500 доллар қосып, сататын болса ол тапшылық одан да өсуі мүмкін. Сондықтан біздің оларға айтарымыз қазір нарықта керосин бар, оны импорттауға болады, сондықтан оны өзіңіз еркін түрде импорттаңыз.

Форумда талқыланған негізі тақырыптың бірі – биоотын мәселесі.

Олимуиюва Бернард Алиу, ICAO амбассадоры, IPADIS президентi:

Осындай форматтағы іс-шараның бүгінде Орталық Азияда өтіп жатқаны қуантады. Әуе қауымдастығы бүгін биоотынға көшумен қатар, өзекті мәселелерді талқылау және шешу үшін кездесіп отыр. Жаһандық міндеттерді шешу үшін әуе қоғамдастығына мемлекеттік органдарды шоғырландыру және қолдау қажет.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Рас, қазіргі таңда еуропа елдері мен АҚШ-тың әуе компаниялары экологиялық таза отынды тұтынуға көшкен. Ертелі-кеш бұл тренд бізге де келеді. Сол «Джет А1» деп аталатын отынды біздегі үш мұнай зауыты шығара алады. Қауқар бар. Дегенмен оған еліміздегі әуежайлардағы инфраструктура сай келмейді. Себебі «Джет А1» мен дәстүрлі отынды бір резерауарда араластыруға болмайды. Басқасын салу үшін қыруар қаржы керек.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу