Абай облысындағы өртпен күресуге жаңа техника алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы өртпен күресуге жаңа техника алынады

25.05.2023

Абай облысы Бородулиха ауданындағы қарағайлы орманда өрт әлі сөндіріліп жатыр. Тілсіз жау 3500 гектардан астам жерді жайлаған. Сондықтан бүгін ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қазір жалынды өшіруге 800 адам, 200 ден астам техника тартылған. Өрт тікұшақтармен әуеден сөндіруге де ырық бермей тұр. Желдің екпіні және сулы-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалысын қиындатқан. Елді мекендерге әзірге келер қатер жоқ. Дегенмен төтенше жағдайға орай ауданда бірнеше эвакуациялау орыны дайындалды.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Бородулиха ауданы бойынша төтенше жағдай режимі жарияланды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Дегенмен сақтық шаралары мақсатында 277 адам өздігінен туыстарының үйіне эвакуацияланды. Бородулиха ауылында 331 орынға, шұғыл 3 эвакуациялық пункт дайындалды.

Бүгін үкімет табиғи өртпен күресуге қажет техника сатып алу туралы шешім қабылдады. Төтенше жағдайларды жоюға арналған тікұшақтарға 26 су шашу құрылғысы алынатын болды. Ол үшін 623 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді. Сондай-ақ адамдарды қауіпті аймақтардан эвакуациялауға қажет Ми-8 тікұшақтары сатып алынбақ.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу