БҚО-да 1200 балаға оқитын мектеп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да 1200 балаға оқитын мектеп жоқ

25.05.2023

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында 1200 бала ғимараттың жоқтығынан қаланың әр бұрышында оқуға мәжбүр. Себебі аудан орталығындағы екі мектеп те жабық тұр. Біреуінің құрылысы төрт жылдан бері бітпей жатса, екіншісі мерзімінде жөнделмеді. Жұлдыз ауылындағы мектептің жаңа ғимараты да төрт жылдан бері тапсырылған жоқ.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Казталов мектеп-лицейіндеміз. Қазір мектеп уақытша осы жастар ресурстық орталығында орналасқан. Ғимаратта жарық жоқ. Балалар, мінекей, қараңғы жерде сабақ оқып отыр.

Оқушылар терезесі жоқ сыныпта смартфонның шамымен кітапқа шұқшиып отыр. Мектеп-лицей бір жылдан бері күрделі жөндеуге жабылған. 600 бала бірнеше жерге бөлініп оқуға мәжбүр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Ал бұл Казталов ауылындағы жабық тұрған 600 орындық екінші мектеп. Бұл жерде балалар сабақ оқып жатқан жоқ. Қазір олар он жерде білім алуда. Мына мектеп жиһаздары сол ғимараттарға тасымалданып жатыр.

Алма Оразбаева атындағы орта мектеп апатты жағдайда тұр. Құлағалы тұрған қабырғаларын темірмен құрсап, тартып тастаған. Тасқын сайын су жиналатын жертөлесі шөгіп, кірпіші үгіліп жатыр. Екі мектептегі 1200 бала мен мұғалімдер мәдениет үйі, кітапхана, шығармашылық орталық сияқты ғимараттарды жағалап жүр.

Серік Исмағұлов, тұрғын:

Мектеп жоқ. Ана мектеп ремонтқа тұрғалы, осы күнге дейін ол берілген жоқ. Мына мектеп те бітпей жатыр. Халық үшін қиын. Екі мектептен бір мектепті де бітірмейді деген неге екенін түсінбейміз. Екеуін қатарынан жауып тастады. Ештеңе істеліп жатқан жоқ.

Апатты мектептің жаңа ғимараты салынып жатқанына биыл төртінші жыл. Екі жыл бұрын құрылысы бітуі тиіс еді.

Александр Қарағойшин, мердігер:

Құрылыстың кешігу себептерінің бірі пандемия уақытында көп адам ауырды. Екіншіден, құрылыс материалдарының қымбаттауы. Одан жанар-жағармай. 330 шақырым жерден материал тасымалданады. 1400 рейс материал тасыдық мектепке. Тасымалдау қаражаты сол сметамызда болған жоқ.

Ал мектеп-лицейі былтыр жөнделіп бітуі керек болатын. Бірақ мердігердің салғырттығынан ғимарат әлі тапсырылған жоқ.

Самал Жангереева, Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

Мердігердің тиісті жұмыстарды уақытылы орындамауына байланысты қазір сот процесі жүріп жатыр. Біз, аудандық білім бөлімі оларды сотқа берген болатынбыз, жозықсыз деп тану, өсімпұлын өндіру және аяқталмаған жұмыстарды міндеттеуге қатысты.

Қазталов ауданына қарасты Жұлдыз ауылында да мектеп құрылысы төрт жылдан бері бітпей жатыр. Биыл үшеуін тапсыруы керек. Облыста барлығы 65 әлеуметтік нысанның құрылысы тоқтап, жөндеу жұмыстары бітпей тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу