Орынбор облысында орналасқан қазақ ауылдары ұлттық дәстүрді жаңғыртып, төл өнерімізді ұлықтап келеді. Ордабасы саналатын өңірде 11 қазақ ұйымы бар. Олар жергілікті өнерпаздарға қолдау көрсетуде.
Облыс орталығынан 135 шақырым жерде орналасқан Бораншы елді мекені тұрғындарының дені қазақтар. Шағын ғана ауыл мектебінде 38 оқушы білім алады. Мұндағы халық қазақтың ұлттық құндылықтарын ұмытпай, дәріптеп келеді. Ауылдағы шағын ансамбль барлық мерекелік шаралардан тыс қалмайды.
Меңсұлу Қияқова, Бораншы ауылының тұрғыны:
Қазақтың биіне, өнеріне қызығушылық жоғары. Бізді үнемі өңірлерге шақырады. Сондықтан «Шашу» деп аталатын балалар бірлестігін құрдық. Менің ойымша, қай жерде тұрсақ та өнерімізді насихаттауымыз керек.
Бораншылықтар өз қаражатына киім тігіп, музыкалық құралдар сатып алыпты. Сонымен қатар мұнда ұлттық ойындарға ерекше мән береді. Мәселен, оқушылар сан-қырлы, мазмұнға бай асық ату ойынынан жалпы Ресей бойынша ұйымдастырылған турнирде екінші орын алыпты.
Арман Қияқов, оқушы:
«Асық ату» ойынына қатысып жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Ойынды анам үйретті. Қазір көп жарысқа қатысып жүрмін, себебі бұл біздің ұлттық ойын ғой. Мәскеуге барып, жеңіске жеткенімді мақтан етемін.
Қазіргі таңда шет мемлекетте алты миллиондай қазақ бар болса, соның бір миллионға жуығы Ресейде тұрады. Орынборда 125 мыңға жуық қандасымыз қоныс тепкен. Мұндағы қазақ ұйымдарының белсенділері бай мұраны сақтап қана қоймай, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау үшін алдағы уақытта қазақ этнографиялық музейін ашпақ.
Индира Бегайдар