АҚШ-та қазақ киносының кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та қазақ киносының кеші өтті

29.05.2023

«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан киносы». Осындай атаумен америкалық кинотанушы, зерттеуші-ғалым Питер Роллберг кітап жазып жатыр. Бұл туралы ғалым Вашингтонда өткен қазақ киносы кешінде айтты. Осы шарада 1925-1991 жылдарды қамтыған Советтік Қазақстан киносы туралы алғашқы кітабы таныстырылды. Сондай-ақ шара кезінде көрермен режиссер Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмін тамашалады. Осылайша, сарапшылар, шет мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары Қазақстанның өнері мен мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Кино мен әдебиеттің өзара үйлесімін шетелдік көрермендер оң бағалады. Питер Роллберг қазіргі қазақ киноиндустриясы сапалық және контенттік тұрғыда жаңа деңгейге көтеріліп, танымдық және тарихи туындылар түсіріліп жатқанын айтты.

Ян Ду Плен, көрермен:

Маған керемет эмоция сыйлаған кино болды. Өйткені адамға күш-жігер беріп, қайсарлыққа жетелейді. Керемет әсер алдым, достарыммен тезірек бөліссем деймін.

 Питер Роллберг, кинотанушы:

Қазір қазақ қоғамымен шынымен диалог іздейтін фильмдер бар. Бұл диалог қазір пайда болып, жақсы бағытта дамып келеді. Менің ойымша, болашағы бар тактикалық үрдіс. Кеңестік киноның құрылымы айқынырақ болды. Саясат, идеология және қандай да бір жаңа тенденция бірнеше жыл сайын пайда болатын. Ал қазір неше түрлі құбылысты бастан кешіріп жатқан қазақ киносы туралы жазу күрделірек.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу