Шымкентте жасыл желектің 15 пайызы қурап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жасыл желектің 15 пайызы қурап қалды

29.05.2023

Биылғы аязды қыстан Шымкент қаласындағы қылқан жапырақты ағаштардың 15 пайызы үсіп, қурап қалды. Көше бойлары, саябақтар мен гүлзарларға егілген қылқан жапырақты бағалы ағаштар жаз келіп жеткенімен сол күйі бүр жармай семіп тұр.

Жадырап жаз жеткенімен Шымкент биыл қара күздің кейіпіне енген. Қоңыр түс. Қураған желек. Әсіресе этнопарк пен оншақты көшенің бойындағы қарағайлар кеуреп, кеуіп қалған.

Роза Байсариева, биолог, табиғат жанашыры:

Қырым қарағайын будандастыру арқылы алынған қарағайдың түрі мынау. Ол бізге сәкес келмейді. Арзан заттың құны да болмайды. Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының кешмшілігі. Тендер ұтқандар қандай ағаш әкелді, соның қыр-сырын анықтап, содан соң егу керек еді.

Жалпы қала аумағында 70 мыңнан астам қылқан жапырақты ағаш түрі бар. Биылғы көктемде соның 10 мыңға жуығы қайта көктемеді.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Қаладағы қурап қалған ағаштардың дені қарағайдың «Эльдар» деп аталатын тұқымы. Егілгеніне 10 шақты жыл болған жасыл желектің биыл бірі қалмай қурап қалды. Енді олардың түбінен қырқып немесе қопарып алып тастағаннан басқа амал қалмай тұр.

Бұл ағаштардың әрқайсысы кезінде тұқымына қарай 6 мыңнан бастап 40 мың теңгеге дейінгі аралықтағы бағамен қазына қаржысына алынған. Көктемде қуарағалы тұрған ағаштардың бойына қайта нәр жүгірту үшін дәрі-дәрмек те себілген. Билік бар кінәні табиғаттың қатал мінезіне теліп отыр.

Ал сол күйі желек жаймаған 700-дейі ағаш маусым айында түбінен кесілетін болды. Оның орнына бозарша және шырша ағаштары егілмек.

Әбілхайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Мердігер мекеме бар 5 жылға жекеменшік әріптестік қарастырылған. Өзінің инвестициясы бар. Соның есебінен сол жердегі 700 үсік жалған қылқан жапырақты алқапты қалпына келтіріп беретін болады.

Жалпы биыл күзде Шымкент қаласындағы жасыл желек 200 мың түп ағашпен толықпақ. Бұл жолы тал-дарақтың жергілікті ауа-райына бейім, суыққа төзімді түрлерін егетін боламыз дейді мамандар.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу