Еліміздегі ең ірі бөдене шаруашылығы Жетісу облысында орналасқан. Тәулігіне 30 мың жұмыртқа және 30 келі бөдене етін өндіретін кәсіпорын құс азығын сырттан сатып алуға мәжбүр. Салдарынан шығарылған өнім бағасы да қымбатқа соғуда. Шаруашылық құрама жемді өздері өндіру үшін суармалы жер қажет. Кәсіп тиімді болғанымен, машақаты көп.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына кішкентай ғана балапан жаңа ғана жұмыртқаны жарып шықты. Ал 40-50 күннен кейін өздері де жұмыртқалайтын жағдайға жетеді екен. Ал ол үшін оның жемі дұрыс болу керек.
Балапандардың өсіп-жетілуі оған берілетін азығына тікелей байланысты. Соя, бидай, жүгерімен қоса есептегенде құрама жемге 20 түрлі қоспа қосады. «Құстардың сапалы жұмыртқа беруі де азыққа келіп тіреледі», - дейді шаруашылық технологы.
Ажар Серікқожаева, технолог:
Оларға жемді сала беру керек. Жейтін жемін жейді олар. Сонда жұмыртқа береді. Егер жемдері жетпесе, нормамен сала берсеңіз ол неден жұмыртқа береді? Сосын жемнің құрамы дұрыс болу керек.
Бөдененің еті мен жұмыртқасы түрлі дерттің алдын алып, иммунитетті көтеретіні ғылыми дәлелденген. Сондықтан шаруашылық өнімі үнемі сұраныста. Кәсіпорын құс азығын өзі өндіретін болса, өнімнің өзіндік құны арзандап, құс басын едәуір көбейтуге мүмкіндік туады.
Сымбат Темірұлы, серіктестік директоры:
Суармалы жерлер болса соя өсіретін. Жарайды бидайды өндірушіден аламыз, кукурузаны да жергілікті өндірушіден алсақ, бірақ сояны негізі алып жатырмыз. Бірақ қымбат түсіп жатыр бізге.
Жергілікті билік бұл шаруашылық жер алуға өтініш білдірмегенін айтады. Мәселе тек ауызша көтерілген. «Байқауға қатысса, қажет жерін заң жүзінде алуына болады», - дейді Жер қатынастары бөлімінің басшысы.
Қуат Қожахметов, Ескелді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Мемлекет тарапындағы бос жерлерді суармалы конкурсқа шығарамыз, 48.1 бапқа сәйкес. Сол жерге құжаттарын толықтырып, өтініш білдіріп, жер алу мүмкіндіктері бар.
Шаруашылық құстың санын 100 мыңға жеткізіп, тәулігіне 30 мың дана жұмыртқа өндіреді. Бөдене балапанын да өз инкубаторында баптап шығарады. Құс басын тағы өсіреміз деген жоспармен қосымша қора жай да салуға кіріскен.
Қуаныш Қанатұлы