Қазақстан сүт өнімдерімен өз-өзін толық қамти алатын деңгейге жетуі тиіс - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан сүт өнімдерімен өз-өзін толық қамти алатын деңгейге жетуі тиіс - Президент

29.05.2023

Қазақстан сүт өнімдерімен өз-өзін толық қамти алатын деңгейге жетуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында осындай тапсырма берді. Ол үшін өндірістік жобаларға қолдау артатынын мәлімдеді. Президент көктемгі егіс науқанымен де танысты.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Солтүстік Қазақстан сүт өндірісі бойынша ел аумағында алда келеді. 100 сүт фермасы бар. Соның бірі - осы шаруашылық. Мұнда тәулігіне 18 тонна сүт алынады.

Асыл тұқымды бұл ірі қаралар Германиядан жеткізілген. Етті, сүтті. 700 сауын сиырдан санаулы минуттарда тонналаған сүт алынады. Ол үшін батырманы басса жеткілікті. Шаруашылық толық автоматтандырылған.

Аймақта сүт өндірісі қарқын алғанға ұқсайды. Соңғы екі жылда 35 жоба жүзеге асқан. Биыл 15 ферманың құрылысы басталады. Аграрлы аймақ сүт өндірісі бойынша да алға шығуды көздеп отыр.

Мейрам Меңдібаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

700 бастай сауылатын қара мал бар. Бұл жаңа технологиямен салынған. Цифровизация бойынша. Биыл жоспарлап отырмыз. 17 млрд теңге мемлекет бөлді. 17 жоба бар. Бәрі сол заманауи сүт фермалары.

Мемлекет басшысы мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруды тапсырды. Бұған солтүстіктің мүмкіндігі жетеді деді. Жаңа фермалар салу, барларының қуатын арттыру керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек.

Ел қамбасына құйылатын астықтың үштен бірі осы өңірде өсіріледі. Биыл егіс алқабы тағы ұлғайды. 4 жарым млн гектардан асты. Жалпы, теріскейде егін өсірудің тәуекелі жоғары. Климат тез өзгереді. Мұны дала еңбеккерлері жақсы түсінеді. Жер баптаудың тәсілін жиі өзгертетіні де содан.

Азамат Сағындықов, агроном:

Қазір қарасаңыз беті ғана құрғақ, астының бәрі ылғалды. Ол ылғалды сақтап қалу үшін күздігүні жерді жырту керек тереңдетіп, 35-40 см жыртамыз. Осы маусым айы жаңбырлы болады деп жатыр. Бізге жауын керек. Болжам бойынша 25-30 центнер аламыз деп ойлаймыз.

Шаруа иесі биыл бидайдың жаңа сұрпын қолға алды. Ішкі нарықта танымал емес. Бірақ, элиталы тұқым.

Біржан Шәймерденов, шаруашылық директоры:

Қымбат техниканың бәрін лизингқа аламыз. Арзандауын өз күшімізбен аламыз. Жалпы айтқанда ешқандай түйткілдер жоқ қой? Енді оның бәрі Үкіметтің көмегімен болып жатқан нәрсе.

Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасып жатыр. Қарақұмық, картоп, сәбіз, қырыққабат алқаптары бірнеше есеге ұлғайды. Осылайша ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамту жоспарланып отыр.

Олжас Шәймерденов, шаруашылық басшысы:

Жақсылыққа жорып отырмыз. Жақсы өнім аламыз деп ойлаймын. 25-30 центнерден аламыз ба? Жауын енді қалай болады?

Өнімді сақтайтын орын көп өңірде тапшы. Қызылжар бұл мәселені біртіндеп шешуді қолға алды. Заманауи 7 көкөніс қоймасының құрылысы биыл басталады. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігіне бүкіл әлем алаң. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу керек. Президент осыны тағы еске салды.

Облыста тағы бір жылыжай құрылысы басталды. Өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамту жоспарда бар. Саңырауқұлақ өсіруді де қолға алмақ. Жалпы, компания көп салада ірі жобаларды қолға алған. Тауардың 700-ден аса түрін шығарады. Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» жобасымен ашылған осы кәсіпорынға барды. Бұл қағаз өнімдерін шығаратын зауыт. Сүлгіден бастап, кеңеске қажет қағаздың түр-түрін өндіреді. Елдегі гигиеналық қағаздың дені сырттан келеді. Жаңа өндіріс импортты азайтуға мүмкіндік бермек. Енді картон өндіретін зауыт салмақ.

Даурен Қатранов, компания директорының орынбасары:
Нарыққа кірген кезде жалғыз бір затпен кіре алмайсың, қиын болады. Біздің компанияның артықшылығы - әр төртінші саудан нүктесінің ішінде біздің тауар бар, Қазақстанның ішінде сапасы өте жақсы, сонымен бірге бағасы да қолжетімді.

Жалпы, облыста алдағы 3 жылда 51 инвест жоба қолға алынбақ. Іске асса 6 мың жұмыс орны ашылады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу