Астанада айырықша акция өтіп жатыр. «Ана жүрегі» деп аталатын шара ерекше бала тәрбиелеп отырған елордалықтарға арналған. Бүгін қаладағы ауруханалардың бірінде осындай отбасыларға кезексіз тексерілуге мүмкіндік берілді. Ал бүлдіршіндер концерттік бағдарлама тамашалап, асыр салып ойнады.
Бүгін елордалық бүлдіршіндердің күні көңілді басталды. Олар анасымен ауруханаға келіп, концерт көрді. Ертегі кейіпкерлерімен ойнады. Суретке түсті. Балғындардың уақыты қызықты өтіп жатқанда анасы денсаулығын тексертіп үлгерді.
Қаламқас Жұмағұлова, қала тұрғыны:
Бізді жылда шақырады осы концертке. Жаңағы мамандардан өткізу. Қазір кезек қой. Ал бұл жерде кезексіз өтеміз. Сол балалар жақсы көңіл-күй көтеріліп қалады. Біз мамандардан өтіп жатқанда, балалар мына жақта ойнайды.
Акция ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға арналған. Астанадағы №6 аурухана бұл шараны 10 жылдан бері ұйымдастырып келе жатыр. Медициналық тексерістен өту үшін тіркеуде болу міндетті емес.
Динара Байсеркина, №6 қалалық емхана директоры:
Ерекше күтімді қажет ететін баласы бар аналар сыртқа шыға алмайды. Сондықтан жылына 2 рет осындай акция ұйымдастырамыз. Қызметкерлеріміз түрлі костюмдер киіп балғындардың көңілін көтереді. Арнайы терапия бөлмелері бар. Ал аналар амбулаторлық тексерістен өтіп, қажет жағдайда қосымша шаралар қабылданады.
Дәрігерлердің айтуынша, акцияға қатысқысы келетін аналар саны жыл санап өсіп келеді. 2013 жылы тексерілуге 17 әйел келсе, қазір 200-ден асқан.
Серік Селеубайұлы