Елімізде 69 мың студентке жатақханадан орын жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 69 мың студентке жатақханадан орын жоқ

30.05.2023

Елімізде 69 мың студентке жатақханадан орын жоқ. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 6 жылдан бері 12 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған. Содан бері 168 жаңа нысан салынып, кейбірі қайта жөндеуден өтсе де, төлем ақысы жастардың қалтасын көтермейді. Оқуға түскен баланың да, ата-ананың да уайымы бір. Ол қымбатшылық қысып тұрғанда, жатақханадағы орын тапшылығы. Көбі пәтер жалдап, оның ақысын төлеу үшін сабақтан бұрын жұмысқа асығады. Үкімет 6 жылдан бері кәсіпкерлердің көмегіне жүгініп отыр. Іскерлер жаңа жатақхана салса, оған мемлекет әр студентке деп жылына 793 мың теңге төлейді. Ал ғимарттты қайта жөндеуден өткізіп, орын дайындағандар үшін 317 мың теңге береді.

Айнұр Сағындықова, «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры:

2018 жылдан бастап осы тетік жүзеге асырылды. Содан бастап бізде 168 жатақхана 40 мыңнан астам орынға салынған болатын. Қазіргі таңға 2023 жылғы процедуралар енді басталып жатыр, қазіргі таңда екі жатақхана 900 орынға енгізілді осы күні.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Мәселен, бір ғана Алматыдағы 35 оқу орнында 188 мың студент білім алады. Оның 70 пайызы - өзге өңірден келген түлек. Дәл қазір мегаполисте 33 мың студент пәтер жағалап жүр. Жауаптылар, биыл тек оның 10 пайызын жатақханаға жайғастыра аламыз дейді.

Ұлан Өтебаев, «Қаржы орталығы» АҚ Алматы қаласындағы өкілдіктің директоры:

Алматыда бос жатқан жер жоқ. Бұл үлкен мәселе. Инвестор табылса да, жатақхана соғатын жер жоқ. Қазір әртүрлі ғимараттың иелеріне шығып, оны жатақханаға айналдыру үшін ұсыныс айтудамыз. Көбіне ұлттық университеттердің студенттеріне жатақханадан орын жетпейді.

Орын табылған күннің өзінде студенттер үшін ай сайынғы төлем ақысы қымбатқа соғуда.

Нұрбақыт Уәлихан, студент:

1 курс оқимын ғой Абай университедінде хостелда тұрамын студенттердің айына 50 мың теңге,стипендияның барлығы соған кетеді болды, продуктыға әрең табасың , қымбат 00:30 00:55 Жатақханада 120 мың сұрады 6 айға ол қымбат болды біздің общагаға, қатты қымбат өте, общагада тұрғанша туысқандардың үйінде тұрған артық қой, бірақ туысқандар да жақтырмайды ғой.

Осы бағдарламаны қадағалап отырған «Қаржы орталығы» да кәсіпкердің айына студенттен 60 мың теңгеден артық ақы сұрата алмайтынын бірге пысықтағанбыз деп отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық төлем тағы бар. Ал грантқа іліккендердің шәкіртақысы 40 мың теңгенің төңірегінде. Жатақхана жырына 6 жылдан кейін түбегейлі нүкте қоюды жоспарлаған жауаптылар, әзірге оның нақты тетігін айта алмады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу