Ақтауда автокөліктерге газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Жүргізушілер газ тапшылығының басталғанына 1 апта болғанын айтады. Соның салдарынан олар сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Ал жергілікті атқарушы орган мұны жаз мезгілі қарсаңында өзге өңірлерден автокөліктердің көп келуімен байланыстырады. Сондықтан сұйытылған мұнай газына сұраныс артқан. Аймақта 17 мың тонна газ тұтынылады. Оның басым бөлігі Жаңаөзен қаласындағы зауытта өндіріледі. Оған қосымша 800 тоннадай Атыраудағы зауыттан жеткізілуде. Энергетика басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде газ тапшылығы жоқ. Жағдай тұрақты. 1 л газ 45-55 теңгеден сатылуда.
Махамбет Мыңбаев, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны:
Қала бойынша сырт жақтағы маңайларда газ жоқ. Қала ішінде 5-6 бекетте ғана бар. Басқа жерде газ жоқ. Маңайды түгел айналып өттік. Кезекте тұрғанымызға жарты сағат болды, әлі де бір 30 минуттай тұрамыз ғой. Сонымен 1 сағат осымен кетеді.
Жасұлан Бекболат, Мауғыстау облыстық энергетика және Түкш басқармасының бас маманы:
Ақтауда 27 автогаз құю станциясы жұмыс жасап тұр. Сұйытылған мұнай газға сұраныстың көбеюіне Атырау, Ақтөбе қалаларынан туристік бағытта адамдардың келуі, оқудан студенттердің көп келуі себеп болып отыр.
Аягөз Оралбайқызы