Қоғам қайраткері Нұғман Манаевтың құжаттары музейге тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғам қайраткері Нұғман Манаевтың құжаттары музейге тапсырылды

31.05.2023

ХХ ғасырдың бірінші жартысында 100 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы оққа ұшты. Қазан төңкерісінен кейін жарқын, әділетті болашақты аңсаған азаматтар соңғы демі үзілгенше ұлт алдындағы борышына адал болды. Солардың бірі - ағартушы, педагог, қоғам қайраткері Нұғман Манаев болатын. Қайраткердің ұрпағы қолындағы бар құнды құжаттарды жинастырып, қуғын-сүргін құрбандарының музейіне тапсырды.

Құжаттары музейге тапсырылды

Мадина Манаева үшін бұл қағаздар соңғы 2-3 жылда ең құнды дүниеге айналған. Репрессия құрбаны, арғы атасы Нұғман Манаев туралы бала кезінде еміс-еміс естігені болмаса негізгі ақпараттарды жақында ғана білген. Қазір атасы тірнектеп жинаған, әкесі аманаттап қалдырған материалдарды қайта қарап, ізденуге кіріскен.

Мадина Манаева, Нұғман Манаевтың шөбересі:

Ол кісінің 5 баласы болған. Менің атам екінші ұл. Бірінші әкесін әкеткен. Артынан анасын алып кеткен. Сосын үлкен ағасын алып кеткен екен. Басқа балаларын балалар үйіне, жан-жаққа таратып жіберген.

Нұғман Манаев 1918 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіріп, «Шығыс баспасында» теруші, корректор болып жұмысын бастайды. Бейімбет Майлинмен «Садақ» атты қолжазба журнал ұйымдастырып, қосымша редактор болады. «Айқап» басылымына үзбей мақала жазып тұрған қайраткер туған жеріне оралып, ауыл балаларына дәріс берді.

Ғабит Кабекенов, PHD докторы:

Ауыл мұғалімінен бастап, Астраханьдағы әскери ревкомда жұмыс жасайды. Одан кейін Бөкей Ордасында қызметтер атқарады. Алматыға шақыртып, Халық ағарту министрі қылып тағайындайды.

Нұғман Манаев ағартушылықпен қатар дін, әдебиет саласын қатар алып жүрді. «Иман ислам» кітабы мен «Жастар арасында», «Азамат» пьесалары оқырманның көңілінен шықты. Шәңгерей Бөкеевтің өлеңдері туралы зерттеулері арқылы ғылымға сүбелі үлес қосты.

Ғабит Кабекенов, PHD докторы:

Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» туралы еңбектеріне де, басқа да еңбектері туралы «Айқап» газеттеріне өзінің мақаласын жариялайды. Әдебиет саласындағы тағы бір еңбегі аудармалармен айналысады. Одан кейін педогогикалық бағыттағы еңбектер жасайды. 30-шы жалдардағы мәселе латын графикасына өту туралы еңбектері пікірлері бар.

Қайраткерді ұлы еңбегін есте қалдыру мақсатында туған жері Атырау облысы, Құрманғазы ауданында көшеге, ал Орлы ауылындағы мектепке Нұғман Манаев есімі берілген. 1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, Алматыда ату жазасына кесілген. 1958 жылы ақталып шықты. Шөбересі Мадинаның айтуынша, былтыр ғана мемлекет қайраткерінің Алматы облысы Жаңалық ауылына жерленгені анықталған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу