Жас мамандарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында төленетін төлем көлемі 70-тен 100 АЕК еселенбек. Ұлттық экономика министрлігі өтемақыны арттыру туралы бұйрықтың жобасын әзірлеген. Ел ішінде аталған бағдарламаның жемісін көріп отырғандар аз емес. Ақмола облысында да жыл басынан бері 300-ге жуық жас маман жұмысқа орналасқан. Солардың бірі география және тарих пәнінің мұғалімі Берік Рақымжан. Ол мемлекеттік бағдарламаның қыр-сырымен университет қабырғасында жүрген кезде танысып, дипломы қолға тиісімен, ауылдық жердегі мектепке жұмысқа тұруға асыққан.
Берік Рақымжан, мұғалім:
Мен осы бағдарлама арқылы ата-анамды көшіріп алдым. Жәрдемақы алдым. Осы ауылға жұмысқа орналасуымның басты себебі - ауыл балаларына сабақ беріп, тәрбие беріп,жақсы білімді азаматтар мен азаматшаларды шығару.
Жалпы Ақмола облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қолға алынғанлы 6 мыңға жуық жас түлек жұмысқа орналасқан. Оның 3400-ден астамы бюджеттік несие алып, баспанаға қол жеткізген.
Әсел Сыздықова, Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы:
Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Ол бюджеттік кредит 195 адамға арналған. Және де тағы да 700-ге жуық жас маманға көтерме жәрдемақы береміз деп жоспарлап отырмыз.
Ұмсындық Наурызбаева