37-ші жылдың зобалаңында еліміздің оңтүстігінен 7 мыңнан астам азамат қуғынға ұшырап, оның 2 жарым мыңы ату жазасына кесілді. Бүгін Шымкент қаласының жұртшылығы қаны нақақ төгілген осы ата-бабалардың рухына тағзым етті. Ұлт мүдесі үшін құрбан болған ұлыларды күрсініспен еске алды.
Дүйсенбай Алтынбековтың шөлейтті аймақ Отырар жерін суландырудағы еңбегі ерен. Оның бастамасымен 1930 жылы 2 мың азамат кетпен күрекпен ұзындығы 31 шақырым канал қазып шығады. Ауыл шаруашылығындағы жетістіктері үшін Алтынбеков ҚСРО Жер шаруашылығы министрлігінен сыйлыққа жеке жеңіл машина алған. Алайда 37 жылы халық жауы деп танылып, ату жазасына кесіледі
Қайрат Алтынбеков, Саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы:
Негізі ол ауылшарушалығын көтерген, каналын қазған, ашаршылық жылдарында нан жауып, мақта егіп көтерген. Бірақ 11 активистен 9 адам кетті ғой. Соның ішінде менің де атам бар.
Еліміз бойынша алғашқы болып ашылған саяси қуғын сүргін мұражайы бүгінде жазықсыз жапа шеккендердің шежіресі іспетті. Мұнда 16 мыңға тарта құжат жинақталған. Бейкүнә оқа ұшып, опат болған боздақтардың нақты дерегі әлі де болса түгелдей зерттеліп біткен жоқ.
Гүлнар Жанысбекова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі:
Мыңнан аса адамның аты жөні белгілі, бірақ толық ақтауға жата ма, жатпай ма құпия қор арқылы дәлелдеуіміз керек.
Шымкенттің шыға берісіндегі бұл жерді «Албасты сай» деп атайды. Көне көз қариялардың айтуынша нақақтан жала жабылып, халық жауы атанғандарды осындағы жарқабақтың басына тізіп қойып атқан екен. Жылдағыдай биыл да осы «Албасты сайдағы» «Қасірет» мемориалына жұртшылық көп жиналды. Олар бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Ғани Қалмаханов