Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары қоқыстан көз ашпай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары қоқыстан көз ашпай отыр

31.05.2023

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары қоқыстан көз ашпай отыр. Шаһардың қай ауласында болсын желден ұшқан тұрмыстық қалдықтар. Бірақ қызмет сапасының төмендігіне қарамастан қала билігі тарифті екі есеге қымбаттату туралы шешім қабылдаған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

70 мыңдай тұрғыны бар Сәтбаев қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалайтын арнайы техника тапшы. Қазір шаһарда олардың саны 8 ғана. Уақытылы тазаланбаған соң қоқыс атаулы әр аулада осылай шашылып жатыр. Қалада қазір 69 мың тұрғын бар. Жәшіктерге сыймай әр жерде үйілген қоқыс апталап жататын кездер болады дейді тұрғындар.

Даржан Баймаханова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

Жаздай бізде ауа жоқ демала алмаймыз. Өйткені мына жерге тұрмыстық мусорды, ремонттың қалдықтарын қап, қап етіп үйіп тастайды. Аптасына бір рет келеді, болмаса екі жетіге дейін болмай қалады. Машина жоқ дейді акиматқа барсақ. Неше рет айттық, тұрғындар жиналып арыз да жаздық, еш нәтиже жоқ.

Қызмет сапасының сын көтермейтініне қарамастан қала билігі қоқыс жинаушы компанияның тарифті көтеру туралы ұсынысын мақұлдаған. Сөйтіп сәуір айында баға бірден екі есеге, 309 теңгеге қымбаттаған.

Нұрболат Базарбек, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

Екі есе қылып тарифті көтерді. Халық қарсы болды оған. Тарифті көтергеннің өзінде де жұмыс ол мусор уақытылы тазаланбайды. Өздері техникалары жоқ, бірақ тарифті көтеріп тұр. Неге оларды өйтіп еркелетіп жүр білмейміз.

Қаладан күніне 80 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Шығарылмағаны желмен қаңбақша ұшып қала береді. Ал құрылыс қалдықтары мен жиһаз сынды үлкен заттарды ақылы қызметке жүгінгеннің өзінде көлік тауып бере алмайды дейді тұрғындар.

Нұржан Кенжеғұлов, Сәтбаев қаласы түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Тарифтарды алдын-ала бекітпей тұрып бізде «Сәт тазалық» ЖШС басшыларымен келісім болған. Үлкен қоқыстарды, жәшіктегі қоқыстарды уақытылы жинап отыру туралы. Енді ол кісілер тарапынан екі көлік қосылды. Бірақ уақытылы барлығы алыну үшін кемі 15 техника керек қалаға.

Тарифті көтеруге келгенде уәдені үйіп-төккен «Сәт тазалық» компаниясының сәтсіз жұмысына жұрт наразы. Қала басшылығының құрғақ уәдесінен де шаршаған. Енді биліктің жоғарғы органдарынан көмек сұрайды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу