Павлодар облыстық ауруханасына аса ауыр халде 3 бала жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облыстық ауруханасына аса ауыр халде 3 бала жеткізілді

01.06.2023

Соңғы тәулікте Павлодар облыстық ауруханасына аса ауыр халде үш бірдей бала жеткізілді. Облыс орталығында 4 жастағы бала 10-қабаттан құлап кеткен. Анық-қанығын полиция тексеріп жатыр. Ал Шарбақты ауданындағы ауылдың бірінде 1-сыныпта оқитын жеткіншек су құбыры жүргізіліп жатқан терең шұңқырға құлаған. Дәл осы уақытта көрші Аққулы ауданында 7 жасқа енді толған ойын баласы арба үстінен аяғы тайып, басымен жер сүзе құлайды. Үшеуі де аса ауыр халде облыстық ауруханаға жеткізілді.

Талғат Қасымбеков, Облыстық ауруханасының дәрігер нейрохирургі:

Үш бала келіп түсті. Олардың жағдайы өте ауыр. Бас миының қатты зақымдануы, омыртқасының, өкпесінің жыртылуы. Ішкі органдарының ауыр жарақаттары, аяқ-қолдарының сынуы, жағдайы өте ауыр, реанимация бөлімінде жатыр.

Биыл аймақта балалардың мертігу дерегі көбейген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда дәрігерлер тәулігіне 60 баланы қабылдаса, қазір түрлі жарақатпен 100 балаға дейін келеді екен.

Болат Аманбаев      

Хабарламаларға жазылу