Ердоған қайта Түркия президенті. Сайлаудың екінші кезеңінде Режеп Тайып Ердоған 52,18 пайыз дауыс жинаса, Кемаль Қылычдароғлыныкі – 47,82 пайыз. Осы аптада сайлау қорытындысы жарияланып қана қоймай, тіпті, инаугурация рәсімі де өтіп үлгерді. Анкара неге сонша асықты екен?! Бәлкім, экономикалық ахуал алаңдатып отырған шығар?! Лира президент сайлауының екінші кезеңінен кейін тарихи минимумға дейін жетті. Түрік валютасы соңғы он жылдағы өз құнының 90 пайызын жоғалтты. Қазір лира 1 доллар үшін 20,62 төңірегінде саудаланып жатыр.
Батыс басылымдары экономикалық ахуалдан бөлек Ердоғанның қайта президент болуы ЕуроОдақтағы саяси ахуалға қалай әсер ететінін талдап жатыр. Өйткені соңғы уақытта тараптардың біраз мәселе бойынша пікірлері әртүрлі. Дегенмен, НАТО-ның әскери тұрғыдан белді мүшесі ретінде Түркия Ресей мен Украина арасында делдал болып, астық тасымалы бойынша келісім жасалуына сеп болғанын да ұмытпайық. Алайда Еуроодақ ресми Анкараның Грекия мен Кипрға қатысты әрекеттерін сынап келеді. Түрік әскери кемелері мен ұшақтары екі елдің әуе және су аймағына бірнеше рет басып кірген еді.
«Неміс толқыны» Түркия Сыртқы Істер министрлігінің аналитикалық жазбасына мән беріпті. Онда «Түркия мен Еуроодақ байланысы бірнеше он жылдық бойы бірде жақсарып, кейін қайта нашарлайтыны» айтылған.
Қалай болғанда да Түркия үшін де, ЕуроОдақ үшін де диалогтың стратегиялық мәні бар. Әсіресе 3.5 миллион сириялық босқынның Еуропаға өтпей, Түркияда жүргені қарт құрлыққа тиімді. Бұл үшін ЕуроОдақ Анкараға 9 миллиардқа жуық еуро қаржылық көмек уәде еткен еді.
Түркия мен Арменияның қарым-қатынасы да құбылып тұр. Инаугурацияда Ердоған Пашинянға көңіл бөлмей қойғанын бірқатар БАҚ байқап қалған. Ресми шараға арнайы келген бірнеше мемлекеттің президенттері мен премьерлеріне Түркия басшысы алғыс айтады. Оның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Болгария, Венесуэла президенттері, НАТО-ның бас хатышысы Йенс Столтенберг бар. Трансляция кезінде залда отырған қонақтармен қатар Армения премьер-министрі Никол Пашинян де көрсетіледі. Ердоғанның жары мен көмекшілері тағы бірнеше адамды ескермегені туралы есіне салған болар... Сол кезде ол президенттікке үміткер болған Синан Оганға рақметін айтып, «барлық қонақты тізіп шығуға уақыт жетпейтінін» алға тартады.
Анкара мен Ереван әлі күнге дейін дипломатиялық байланыс орнатпағанын ескерсек, 2021 жылы қос елдің арнайы өкілдерді тағайындап, қатынасты реттеуге талпынысы тежелмей ме екен?! Армения басылымдары Ердоғанның инаугурациясында Пашинянға екінші қатардан Әзербайжан президентінің артынан орын берілгеніне мән беріпті.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Президенттік сайлаудың екі турында да басым дауысқа ие болған Режеп Тайып Ердоған осымен екінші рет жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жетіп отыр. Анкарада өткен Түркия Президентін ұлықтау рәсіміне 21 елдің президенті мен 13 елдің үкімет басшысы, сондай-ақ НАТО, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты ондаған халықаралық ұйым басшылары қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Ердоған алдағы бес жылда атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Ал ертеңнен бастап Түркияның жаңа жасақталған үкіметі жұмысына кіріседі.
Түркия Президенті ұлықтау шарасынан бұрын Парламентке барып, жаңа сайланған депутаттар алдында ант берді. Оған парламенттің құрметті төрағасы арнайы Президенттік белгі табыс етті. Бұл белгі Түркия Президентінің заңды сайланғандығын куәландыратын құжат. Ал Анкарадағы Бештепе резиденциясында өткен инаугурация салтанатына 78 елден мәртебелі меймандар шақырылған. Қонақтардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев та бар. Салтанатты шараға жиналған мемлекет басшыларына Ердоған ерекше алғысын білдірді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Түркітілдес ел Қазақстанның президенті Қасым Жомарт Тоқаевқа және осындағы өзге де мемлекет басшыларына алғысымды білдіремін. Алдағы бес жылда Түркияның беделі мен намысын қорғап, абыройын асқақтату үшін бар күшімізбен жұмыс істеуге сөз беремін. Мемлекетіміздің бүтіндігін, халқымыздың тәуелсіздігін қорғау үшін барымызды саламыз. Түркияның алдағы жүз жылын иық тіресе бірге қалыптастыруға бүгіннен бастап кірісеміз.
Түркия Президентін ұлықтау шарасын әлемнің ондаған елінен келген журналистер тікелей эфирде дүниенің төрт бұрышына таратып жатты. Арнайы баспасөз орталығында тілшілер күні бойы бір дамыл таппай жұмыс істеді.
Жоао Гомес, Ангола ақпараттық агенттігінің журналисі:
Бірінші рет Анголадан Түркияға келіп хабар таратып отырмын. Біздің елдер арасында байланыс соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Осындай ірі шарада жұмыс істеу біз үшін әрі қызық, әрі үлкен тәжірибе.
Биыл Түркия Республикасына 100 жыл. Сондықтан сайлаудан кейін жасақталған үкіметті халық жаңа жүзжылдық үкіметі деп атап жүр. Сарапшылар алдағы 5 жылда Президент пен үкімет халық сенімін ақтау үшін тынбай жұмыс істеу керектігін айтады.
Гүнгөр Явузаслан, саяси сарапшы:
Бұл жолғы сайлау өте тартысты өтті. Кімнің жеңетіні соңына дейін белгісіз болды. Дегенмен халық Ердоғанға сенім артты. Бұл өте маңызды. 100 жыл ішінде Түркия экономикалық, әскери, саяси бағытта түрлі қиындықтарды еңсере отырып дамыды. Алдағы уақытта осы даму үрдісін тоқтатпау қажет.
Инаугурациядан соң Түркия Президенті халыққа жаңа үкімет мүшелерін таныстырды. Ертең 90 пайызы жаңарған Түркия үкіметі жаңа жұмыс аптасын бастайды.
Айдос Әшім