Президент Астанадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Алдымен Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындық жөнінде рапорт берді. Содан кейін Мемлекеттік әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықты мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, егемендік пен елдіктің ең басты белгісі екенін атап өтті. Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран – халқымызға қастерлі нышандар. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. «Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз», - деді Мемлекет басшысы. Салтанатты шара барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз қазір еліміздегі ең биік байрақтың түбінде тұрмыз. Жыл сайын осы жерде жас офицерлерге әскери шен табыстау жақсы дәстүрге айналды. Осындай шаралар Отан күзетінде тұрған жастарымызға жігер береді. Оларға зор жауапкершілік жүктейді. Бабаларымыз «Туың жығылмасын» деген баталы сөз қалдырған. Рәміздерімізді қорғап, қадірлеу, көздің қарашығындай сақтау – бәрімізге ортақ аманат. Сіздер халқымызға адал қызмет етесіздер деп сенемін.
Дарын Сағитов