Рудныйда сабын жасайтын цехтың жұмысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудныйда сабын жасайтын цехтың жұмысы тоқтап тұр

07.06.2023

Қостанай облысында биыл алғаш рет кір сабын шығарыла бастаған еді. Бұған дейін аймақта мұндай кәсіппен ешкім айналыспаған. Алайда көп ұзамай Рудный қаласындағы шағын цех жұмысын тоқтатты. Нарықта сұранысқа ие, елімізде сирек өндірістің әрі қарай өркендеудің орнына тұралап қалуының себебі неде? 

«Үшқұдық» деп аталатын кірсабын Рудныйда өндірілген. Табиғи таза өнім. 72 пайызы малдың майынан тұрады. Үш ай ішінде бұл жерден мыңға жуық сабын шығарылған.

Сегізбай Жүнісов Өзбекстанның Үшқұдық қаласынан Рудныйға 2019-шы жылы қоныс аударған. Сабын шығарумен сол жақта айналысыпты. Сондықтан бұл кәсіптің қыр сырын жақсы біледі. Арнайы лицензиясы да бар. Биыл жиған-тергеніне қажетті құрылғылар сатып алып жұмысты бастады. Нарықта сұраныс жоғары, саудаға шығарғаны бірден өтіп кеткен. Алайда өнімді молайтып, өндіріс өзін-өзі ақтауы үшін қосымша қаржы қажет.

 Сегізбай Жүнісов, кәсіпкер:

Мен «Атамекенге» бардым. Олар банкке жіберді. Банк кепілдік сұрайды. Тағы бір банкке барсам, олар «шотыңда ақша болуы керек» дейді. Шотымда ақшам болса мен несие сұрап нем бар?

Кәсіпкердің танысы тегін берген қойманың бір бөлмесіндегі шағын цехтың жұмысы қазір тоқтап тұр. Шикізат алуға қаржы жоқ. Рудный қаласында биыл несиеге өтініш берген 24 кәсіпкердің 11-і осы Сегізбай тәрізді кепілдігі болмай қолдаудан қағылған.

Ботакөз Қасымова, Облыстық кәсіпкерлік басқармасының Бас маманы:

Портфельдік субсидиялау мен кепілдеу деген бағыт ашылды. Сонда кредит алғанда кәсіпкерге несиенің 85 пайызына дейін мемлекет кепілдік береді.

Бірақ бұл кепілдік екінің біріне бұйырмайды. Өйткені оны алу үшін несие тарихың кіршіксіз, қаржы айналымың мүлтіксіз болуы шарт. Жергілікті мамандар енді тек Сегізбай Жүнісовтің грант ұтып алуға ғана мүмкіндігі бар дейді.

Алмат Жылысбаев, Рудный қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: 

Грантқа өту үшін бастаған бизнесі инновациялық болуы керек. Ол кісі қатыса алады. Өйткені Рудный қаласында кір сабын шығаратын бизнесмендер жоқ. Құжаттарын жинауға көмектесеміз.

Биыл облыс бойынша грантқа 84 млн теңге бөлінген. Оны алуға үмітті кәсіпкерлер шілде, тамыз айларында  электронды түрде өтетін конкурсқа қатысуы қажет. Яғни өңір үшін жаңа кәсіпті жолға қойсам деген азаматтың мақсаты қаншалықты жүзеге асатыны әзір беймәлім.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу