Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен елдіктің ең басты белгісі. Астанада ту көтеру рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен іс-шарада Мемлекет басшысы жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен табыстады. Алдымен Президентке Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындық жөнінде рапорт берді. Содан кейін мемлекеттік әнұран шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Президент халықты мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, олар егемендік пен елдіктің ең басты белгісі екенін атап өтті. Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран – халқымызға қастерлі нышандар. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. 06.49+06.56 Былтыр дәл осы күні елімізде республикалық референдум өткенін білесіздер. Халқымыз жаңару мен жаңғыруға жол ашқан тың бастамаларға қолдау көрсетті. Басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру.
Салтанатты шара барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай шаралар Отан күзетінде тұрған жастарымызға жігер береді. Оларға зор жауапкершілік жүктейді. Бабаларымыз «Туың жығылмасын» деген баталы сөз қалдырған. Рәміздерімізді қорғап, қадірлеу, көздің қарашығындай сақтау – бәрімізге ортақ аманат. Сіздер халқымызға адал қызмет етесіздер деп сенемін.
Елге адал қызмет ету – асыл парыз. Осыны тереңінен түсінген жас офицерлер Президент алдында ант берді. Адалдықтың үлгісін көрсеткен олар, «бұл - қастерлі рəсім», - дейді.
Дана Бақтиярова, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы қарағанды академиясының түлегі:
Тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлкеттік рәміздерінің абыройын асқақтатуға, тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқы мен оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін!
Отанға адал қызмет ету мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді жас офицерлер жадына түйген. Оқу барысында ата-ана сеніміне селкеу түсірмеген олар енді батырлық пен табандылықтың, нағыз патриотизмнің үлгісін өзінен кейінгілерге үлгі етеді.
Сәтима Керімбекова, қала тұрғыны:
Немерем осы оқуды өзі қалаған. Өзі түсті, жақсы оқиды. Өте жақсы сезімде отырмын.
Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне жиналғандардың қарасы көп. Алдыңғы толқын ағалар да, кейінгі жас буын да осында. Президент олармен де жүздесті. Шара соңында Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты маршпен жүріп өтті.
Дарын Сағитов