Халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге көш жалғасуда. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 8600 адамға арнайы квота бөлінді. Мамандардың айтуынша теріскейге қоныс аударғысы келетіндердің саны көп. Сондықтан Түркістан облысының тұрғындары үшін солтүстікке арнайы тур ұйымдастырылды. Оған қатысушылар Қызылжар өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Түркістан облысынан шыққан автобус екі мың шақырым жолды екі тәулікте артқа тастап теріскейге жетті. Жергілікті тұрғындар алыстан келген қонақтарды қуана қарсы алды. Олжас Әбдіәлімов – Түркістан облысы Леңгір қаласының тұрғыны. Мамандығы машинист. Тұрғылықты жерінде жұмыс табылмағандықтан солтүстікке қоныс аударуға бел байлап отыр.
Олжас Әбдіәлімов, Леңгір қаласының тұрғыны:
Мамандық бойынша қазір вакансиялар қарастырып жатырмыз, бар екен. Осы жақта аяққа тұрып, үйленіп, үй жайлы болу – алдағы уақытта ниетім бар.
Солтүстік өңірмен танысуға келгендер бірнеше топқа бөлініп, елді мекендерді аралады. Бұған дейін қоныс аударған азаматтармен кездесті. Солардың бірі Алмасхан Жарқынбаев. Ол 3 жыл бұрын Есіл ауданының орталығы Явленка ауылына көшіп келген. Қазір шағын дәмхана ашып, нәпақасын тауып отыр.
Алмасхан Жарқынбаев, кәсіпкер:
Келіп не істеймін десең де, бәсекелестік жоқ та. Күн көремін, істеп кетемін деген адамға жақсы мүмкіндік. Ауа райы керемет, халқы керемет. Біреуде біреудің жұмысы жоқ. Өздерімен өздері күн көріп жатқан адамдар.
Енді көшіп келемін деген әр отбасына баспана сатып алу мақсатында 4 млн теңге көлемінде ұтқырлық сертификаты табысталады. Оған қоныс аударушылар өздері таңдаған баспананы сатып ала алады. Осылайша сапасыз үйлер мәселесі шешілмек. Әр адам басына берілетін көтермеақы тағы бар.
Әлфараби Мыңбай, қоғамдық ұйым өкілі:
Бұл кісілердің келудегі мақсаты – қазір болшақта тұратын елді мекендерін көріп, аралап, еліне барып, ақыласып, көшіп келеді, жақын арада.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстанға 260 отбасы қоныс аударды. Жауапты органдар өңірге келушілерді қарсы алуға дайын. Себебі облыста 5 мың жұмыс орны бос тұр. Әсіресе білім беру саласында , ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында маман тапшы.
Эльмира Кәленова