Жетісу облысында пайда болу тарихы әлі күнге дейін белгісіз ерекше қойтастар бар. Ал тастардың ерекшелігі олардың бетіне тоғыз құмалақ ойыны қашалған. Баянжүрек тауында мұнан бөлек бірнеше дәуірден сыр шертетін кесенелер мен қорымдар жатыр. Тарихи маңызы бар нысандар Талдықорған қаласынан небәрі 120 шақырым жерде орналасса да әлі мемлекет қорғауына алынбаған.
Баянжүрек тауының ойысында тоғызқұмалақ ойыны қашалған тастардың бірнешеуі жатыр. Ал мына мүк басқан бір тастың өзінде екі жерден ойынның белгілері ойылғанын анық аңғаруға болады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу, сегіз, тоғыз. Қарсы бетінде де осындай тоғыз ұяшық бар. Ал ортасында екі қазандық бар. Тоғызқұмалақ ойынын бұл тасқа қай уақытта, қай дәуірде қашалғаны нақты белгісіз. Бірақ бірнеше болжам бар. Солардың бірі осы жерді жаудан күзеткен батыр бабаларымыз уақыт өткізу үшін осы тоғызқұмалақ ойынын ойнауы мүмкін.
Өлкетанушы Қажет Аңдас осы болжамға негіз болатындай келесі дәлелдерді келтіріп отыр. Тастар биіктеу жерде орналасқан. Шығысы мен батысы, солтүстігі алақандағыдай көрініп жатыр. Ал тастардың жанында от жағып белгі беретін бірнеше орынды байқауға болады. Мұнан бөлек бұл жерде бірнеше дәуірдің ізі жатыр дейді, зерттеуші.
Қажет Аңдас, өлкетанушы:
Қола дәуіріне тән жерлеу орны тұр. Түркі дәуіріне тән бірнеше қорымдар тұр. Сонымен бірге сақ дәуіріне тән үш қорған тұр бұл жерде. Сонымен бірге үлкенді кішілі ұран от дейді. Соғыста белгі беретін от жағып белгі беретін төрт үйілген тастардың, қазандықтардың орны тұр.
Баянжүрек ойысында 19-шы ғасырда салынған Омар төренің кесенесі де тұр. Самарқан сәулетшілері тұрғызған бұл нысан құрылысына ерекше тәсіл қолданған. Үш ғасырда жауған қар мен жаңбырға сыр бермей сақталып қалуының сырын жергілікті тұрғындар айтып берді.
Қайрат Тоғызбаев, Баласаз ауылының тұрғыны:
Қысырақтың құйрық жалымен араластырып, серкенің майын ерітіп, соған батпақты шылап, сонан кірпіш құйып, сонымен қалаған деп айтады үлкен кісілер.
Тоғызқұмалақ ойыны қашалған тас та, оның жанындағы қорымдар мен қорғандар да, тіпті Омар төре кесенесі де әлі толық зерттелмеген, тарихи мұралар тізіміне енгізілмеген. Маңайдағы жұрт оңай олжа іздеушілер осы киелі орынға ойран салып кете ме деп алаңдаулы.
Қуаныш Қанатұлы