Елордада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы басталды. Жиында төменгі палата депутаттары 13 мәселені қарайды.
Дарын Сағитов, тілші:
Бүгінгі Мәжіліс отырысының жұмысы ауқымды болайын деп тұр. Әуелі, депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022-жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдайды. Осыған қатысты қазір Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова баяндама жасайды.
Жиында «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірленеді. Құжат өздеріңізге белгілі көптен бері қызу талқыланып келеді. Заң жобасы журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау, интернет-жарнаманы реттеу секілді бірқатар маңызды мәселені шешуді көздейді. Журналистердің құқықтарын нығайту тетіктері де осы құжатта ескерілген.
Интернет-жарнама демекші, отырыста «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Бұған қатысты Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасайды. Депутаттардың қарауына ұсынылып отырған тағы бір маңызды құжат – «Заңсыз алынған активтерді мемлкетке қайтару туралы» заң жобасы. Құжат бірінші оқылымда қаралады. Мәжілістің жалпы отырысы туралы толық материалды алдағы шығарылымдардан көре аласыздар.
Дарын Сағитов