Словакия Қазақстанмен су мәселесін бірлесіп шешпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Словакия Қазақстанмен су мәселесін бірлесіп шешпек

07.06.2023

Словакия Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен су ресурстарын басқару бойынша тың жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Брюссельде өткен басқосуда Словакияның мемлекеттік және жеке меншік компанияларының басшылары мәлімдеді. Жиынға еліміздің Бельгиядағы елшілігінің дипломаттары мен Қазақстан тарапынан су ресурстарын бағалау халықаралық орталығының директоры Жанар Маутанова қатысты. Словактар еліміздегі бөгеттерді бақылау және су тасқыны қаупін алдын ала ескерту жүйесін заман талабына сай жасауға құлшынып отыр. Серіктестер ортақ жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаражатты ұлттық және халықаралық қорлардан бірігіп іздеуге уағдаласты.

Жанар Маутанова, Су ресурстарын бағалау халықаралық орталығының директоры:

Орталық Азия елдерінде халықтың саны көбейіп, суға сұраныс артты. Аймақта қуаңшылық, су тапшылығы проблемалары өзекті. Сондықтан, бізге Еуропа, Словакия елдерінің тәжірибесін игеру, технологиясы мен инвестициясын тарту өте маңызды.

Йозеф Омелька, Словакиялық компанияның директоры:

Словакияда су менеджменті жүйесі жақсы дамығаны сонша дамбаларда 50 жылда ешқандай апат болған емес. Қазақстандағы тоғандарға да жаңа технологияны енгізу арқылы, мониторинг жүргізгіміз келеді. Тың тәжірибемізбен бөліссек, бөгеттеріңіз қауіпсіз болып, ел халқы қамсыз өмір сүрер еді.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу