Қазақстан БҰҰ штаб-пәтерінде дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Бұл Нью-Йорктегі дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері және жергілікті тұрғындар үшін маңызды мәдени шара. Сондықтан әрбір ел өзінің дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын етене таныстыруға барын салады. БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі де қазақы бұйымдар, ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар және кәдесыйлар қойылған арнайы стенд ұсынды. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалар аясында қазақстандық кәсіпкер әйелдер жасаған бұйымдар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкеден түскен қаражат Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерді, Сирия мен Украинадағы мұқтаж жандарды қолдауға арналған қайырымдылық шараларына бағытталмақ.
Аура Веласкуиз, БҰҰ-ның қызметкері:
Бұл халықаралық базарда түрлі мәдениетпен етене танысып жатырмыз. Маған ерекше ұнағаны Қазақстан бұрышы. Көптеген ерекше мәдени жәдігерлерді көріп қайран қалдым. Әсіресе, қазақ әйелдерінің әшекейлері көзге оттай басылады. Барлық заттары қайталанбас бұйымдар.
Жалғас Сәдібекұлы