Үкіметтің былтырғы бюджет туралы есебі мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметтің былтырғы бюджет туралы есебі мақұлданды

07.06.2023

Қаржы, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері былтыр бюджет қаржысын уақытылы игермеген. Үш ведомство кәдеге жаратпаған қаржының жалпы соммасы 40 млрд теңгеден асады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің отырысында айтылды. Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республкиалық бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдады. Тағы бір мәселе - республикалық бюджеттің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр. Мысалы былтыр бюджетке 4,6 трлн. теңге аталған қордан түскен. Қаржы министрі енді Ұлттық қордың қаражатын үнемдеуге басымдық берілетіндігін айтты.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту қарастырылған. Біз бұл саясатты әрі қарай жалғастыратын боламыз.Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді деп санаймыз.

Үкіметтің өткен жылғы бюджет туралы есебін мақұлдауға/ 12 депутат қарсы болды. 7 депутат қалыс қалды. Қорыта келгенде, 73 депутат жақтап, дауыс берді. Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «қанағаттанарлық» деген баға берді. Былтырғы бюджет бір жылда 8 рет түзетіліп, 1 рет нақтыланған. Демек, бюджеттің игерілмеуіне жоспарлаудың жүйесіздігі себеп, - деп отыр депутаттар. Мемлекеттік сатып алу заңында да олқылықтар көп.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Бюджеттің орындалуында кемшілік жіберген әкімшілерді, кемшілік жіберген жауапты қызметкерлерді, министрліктерді, тиісті квазимемлкеттік секторлардың өкілдерін, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің нақты жауапты қызметкерлерін жаупқа тарту жөндегі мәселені де көтеріп отырмыз.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу