Алдағы 7 жылда елімізде қой саны 7 млнға жетеді. Ол үшін асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Осы мақсатта Жамбыл облысында тұқымы сирек қошқарлардың сайысы өтті. Көрме-аукцион түріндегі шарада 200 қошқардың ішінен үздігін таңдау қазылар алқасына да оңай соқпады.
Шу қаласында 7 аталым бойынша өткен халықаралық жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің бірнеше аймағынан шопандар қатысты. Сайыста асылтұқымды қошқарлардың жасы мен салмағы сынға түсіп, бойына да баға берілді.
Көрмеде Еділбай, Арашан секілді қой тұқымдары көп. Салмақ өлшеу сайысында 201 келіні көрсеткен шудың «Шатақ» атты қошқары жеңімпаз атанды. Ал сұлулық сипаты бойынша «Бугай» атты арашан қошқарға 1 орын берілді.
Арнат Ерболатұлы, шаруа:
Енді біз мұны 5 мың долларға алдық. Бірнеше ай өткеннен кейін бізге 15 мың доллар баға берді. Бірақ біз оны сататын ойымыз жоқ. Біз мұны өзіміздің қазақы тұқымды қойларға саламыз және арашан тұқымды қойларға да саламыз.
Арнат 7 жылдан бері мал шаруашылығына машықтанып, селекция жасап келеді. Қара күзде қошқары 1,5 жасқа шыққанда етті, құйрықты төлдер алу үшін саулықтарға салмақ.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қазақ Қамбар ата түлігінен кейін қошқарға қатты қызыққан, сынын айтып, сипатын өлшемге салған. Мәселен мына арашан қошқары өзінің сұлулығымен көз сүріндіреді. Айталық алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан. Қылшық жүні ажарын аша түссе, дөң тұмсығы айбат береді. Ал батпан деп бағаланған айыр құйрығы салмағына сән қосады.
Ал сала мамандары асылтұқымды әр басқа субсидия алуға болатынын айтады.
Нұрсұлтан Ақжолов, Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Асыл тұқымды отандық қойларды сатып алғаны үшін 15 мың теңгеден, егерде шет мемлекеттерден сатып алған болса аналық басына 30 мың теңге, шет мемлекеттен сатып алынған қошқарларға 150 мың теңгеден субсидия бар.
Жамбылда жалпы саны 3 жарым млнға жуық қой саны бар. Былтыр мал шаруашылығын дамыту үшін 3,5 млрд субсидия 1650 шаруашылыққа төленген. Оның жаңа кезеңі биыл тамыз айында басталмақ. Ал бүгінде елдегі қой саны 19 млн-ға жетсе, алдағы 7 жылда 36 млн басқа жеткізу жоспарда.
Данияр Әлімқұл