Ертең Астана халықаралық форумы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Астана халықаралық форумы басталады

07.06.2023

Ертең Елордада Астана халықаралық форумы басталады. Оған 40 елден 400-ге жуық делегат қатысады. Әлемге танымал алпауыт компаниялар басшыларының алғашқы легі бүгін Қазақстанға келді. Астанаға қарай ағылған шетелдік делегация өкілдері Қазақстандағы жұмысын бүгіннен бастады. Бас қалада таңертеңнен бері пленарлық отырыстар мен бірқатар жабық кездесулер ұйымдастырылған. Соның бірі - жаһандық іскер әйелдер кеңесі. 35 жылдық тарихы бар ұйымның шағын бас қосуында әлемнің беделді көшбасшы қыз-келіншектерінен бөлек, қазақстандық саясаткерлер де болды.

Аида Балаева, ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары:

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформада әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қамтылған. Қазір еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 43%-ын әйелдер басқарады. Олар осы саладағы барлық жұмыс орындарының үштен бірін қамтамасыз етіп отыр.

Форумда талқыланатын негізгі мәселелердің бірі - азық-түлік қауіпсіздігі. Қазір жаһан жұрты астық өнімдерінен таршылық көріп отыр. Себебі, әлемнің 30 пайыз қажеттілігін бұған дейін Ресей мен Украина қамтып келген. Қазақстан бидайды алыс-жақын елдерге жеткізуге дайын. Сарапшылар бұл форум әр мемлекеттің сауда-саттық әлеуетін көруге мүмкіндік береді дейді. Дүниежүзілік сауда ұйымы басшысының Астанаға арнайы келу себебі де осы екен.

Нұрлан Құлбатыров, «QazTrade» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары:

Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан мен Түркіменстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі емес. Мүше емес елдердің ДСҰ-на қабылдануы туралы қандай кедергілер бар. Қандай сұрақтарға бірігіп жауап бере аламыз? Соны да талқылайды.

Креативті индустрияны дамыту да маңызды. Әлемге танымал британиялық бизнес-кеңесші Дэвид Перриш форумда табысқа жетудің жолдары туралы ой бөліспек. Маман бұған дейін әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істеген.

Дэвид Перриш, бизнес-кеңесші:

Форумда кейбір көкейкесті әлемдік проблемаларды шешудің практикалық жолдарын ұсынады. Жиында мен жаһандық креативті экономикада шығармашылықтың маңыздылығы және жаңадан пайда болып жатқан трендтер мен сын-тегеуріндер туралы сөз қозғаймын.

Бұдан бөлек, шараға Microsoft, Mastercard және Pepsi сынды алпауыт компаниялардың өкілдері қатысады. Үкімет мүшелері халықаралық форумнан кейін елімізге тартылған инвестиция көлемі тағы артады деп сеніп отыр.

Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика министрі:

Әрине, ол тұрақты түрде инвестицияларды тартады. Бизнес туризмді дамытады. Ал жалпы болашақта шетелдік инвестициялар, содан кейін тығыз сауда экономикалық қатынастарды күшейтеді деген жоспар бар.

Айя Мүтәлі, тілші:

Екі күнге жалғасатын форум ертең ЭКСПО қалашығындағы Конгресс орталықта өтеді. Халықаралық шараға мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше Астанадағы алаңда тараптар өзара тек пікір алмасып қана қоймай, көптеген маңызды келісімдерге де қол қоюы мүмкін.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу