Әлеуметтік желідегі жарнама үшін салық төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желідегі жарнама үшін салық төленеді

07.06.2023

Енді әлеуметтік желіде ақылы жарнама жасағандар салық төлейді. Яғни блогерлердің табысы көлеңкеден шығарылмақ. Бүгін мәжіліс онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң жобасын қарады. Тіпті, ақылы ақпараттардың жарнама екенін оқырмандар мен көрермендерге ескерту міндеттелмек. Ресми статистика бойынша 6 мен 74 жас аралығындағы қазақстандықтардың 90 пайызы интернет, әлеуметтік желі қызметін пайдаланады. Алайда осы уақытқа дейін кімнің қай бағытта жұмыс істеп жатқанын, қанша пайда табатынын реттейтін заң болмады. Бүгінгі құжат көлеңкеде жүрген қаражатты алып шығуға көмектеспек. Тіпті, мемлекеттік мекемелер блогерлерге ақылы пост жариялатса ол да оқырман үшін ашық болуы тиіс.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Егер ақы төленген болса бір мекеме, қандай да бір құрылым ақысын төлеген болса әрине олар да одан салық төлеуі керек. Олар да жарнама екенін айғақтау керек. Бір мекеменің мүддесі жарнамалануы мүмкін. Сондықтан белгілеу газеттерде басқа да редакцияларда болғаны сияқты онлайн платформада бар екені халықаралық тәжірибеде белгілі.

Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы жалған хабар таратқандар да жауапқа тартылады. Ақпараттың ақиқатын құзырлы органдар анықтайды. Ал оны жылдам өшіру үшін барлық әлеуметтік желілердің Қазақстанда өкілдігін ашу міндеттелмек. Мұндай шара болашақта интернет алаяқтармен және кибер буллингпен күресте тиімді болмақ. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс бүгін елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасын да қарады. Оған сәйкес бас прокуратураның жанынан құрылған комиссия жұмысын жалғастырады. Бұған дейін мемлекет басшысы еліміздің байлығының тек жартысы 162 адамның иелігінде екенін айтқан. Сондықтан заң кемі 100 млн доллар қаржыны заңсыз шығарған олигархтармен күреске бағытталған. Одан азы қылмыстық кодекс аясында қарала береді. Ал шекара асырып жіберген ақшасын 100 пайыз өз еркімен қайтарғандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылмақ.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Заң несімен құнды? Заң орындалуымен құнды. Сол себепті біз не маңызды дегнен мәселені анықтап алуымыз керек. Бізге ең төменгі порговый ақша 100 млн доллар. 100 деген млрд-таған доллар қаражаттың елге қайтқаны тиімді ме? Әлде бір адамның осында келіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеде отырғаны керек пе? Менің ойымша алдыңғысы маңыздырақ деп ойлаймын.

Кей сарапшылардың есебінше соңғы 30 жылда қазақстаннан кемі 500 млрд АҚШ доллары заңсыз шығарылған. Сондықтан, құжат бойынша қылмыс ескірмейді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы ақша жымқырғандардың барлығы бірдей жауапқа тартылмақ. Қарашаның ақшасын қайтару туралы құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс төрағасы көп созбай заң жобасын екінші оқылымға дайындауды тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу