Қазақстан университеттерінде Apple, Google компанияларының оқыту орталықтары ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан университеттерінде Apple, Google компанияларының оқыту орталықтары ашылады

08.06.2023

Қазақстан университеттерінде Apple, Google секілді ірі компаниялардың оқыту орталықтары ашылады. Астана халықаралық форумы аясында еліміз бірқатар жобалармен келісімге қол қоймақ. Әлем көшбасшылары, алпауыт компания жетекшілері, танымал сарапшылар мен ғалымдар. Жер-жерден келген. Тілдері әртүрлі болғанымен барынша тіл табысуға тырысып жүр. Халықаралық шарадан еліміздің ғана емес, BBC және CNN секілді әлемнің үздік арналары да сағат сайын ақпарат таратты. Аудармашылардың да бүгінгі жұмысы қауырт. Астана халықаралық форумы пандемиядан кейін елімізде өтіп жатқан ең ауқымды шара. Оны әлем сарапшылары, тіпті, «Азиялық ДАВОС» деп атап жүр.

Айя Мүтәлі, тілші:

Халықаралық форум 2 күн бойы осы Конгресс орталығында өтеді. Бағдарламаны толығымен қамту үшін ғимараттың ішінен арнайы 7 зал құрылған. Басты пленарлық отырыс осы Ұлытау залында өтті. Шетелдік делегаттар мен өзге де қатысушылар енді ақырындап пікірталас алаңдарына өтіп барады. Яғни қазір бір уақытта әр залда әр түрлі маңызды тақырыптар талқыланады. Дәл осындай шаралар ертең де жалғасады.

Халықаралық алаңда Нобель сыйлығының иегері Рае Квон Чунг те тәжірибесін бөлісті. Профессор климаттық дағдарыс, экономиканы өркендету және жұмыс орындарын құру туралы бірқатар ұсыныс айтады.

Рае Квон Чунг, Нобель сыйлығының лауреаты, Пан Ги МУН қорының Басқарма директоры:

Жасыл энергетиканы дамыту үшін тұтынушылар қажет. Ғаламдық деңгейде бұл бағытта дамытуға арналған платформа жоқ. Қазақстан бұл салада қадамдар жасап жатыр. Климаттық дағдарысты мүмкіндікке айналдыруға елдің потенциалы зор.

Жасыл экономиканы дамытудан көш ілгері келе жатқан Араб Әмірлігінің өкілдері де осында. Бұған дейін Масдар компаниясы Қазақстанға миллиардтаған инвестиция құйған. Кәсіпорын басшысы біздің нарыққа тағы да қаржы салуға дайын.

Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, «Masdar» компаниясының бас директоры:

Біз қазір Қазақстанда 1 мың мегаватт жел жобасын қолға алып жатырмыз. Бұл орайда Энергетика министрлігімен, даму қорларымен етене жұмыс істеп жатырмыз. Орталық Азия өте маңызды нарық. Мұнда қажетті ресурстардың бәрі бар. Күн, жел, су энериясы. Бұл аймақта баламалы энергияны дамыту үшін біз 4 миллиард доллар құйдық.

Форум аясында білім саласы бойынша бірқатар келісім жасалды. Қазақстан шетелдік 6 техникалық бағыттағы университеттің филиалын ашпақ. Одан бөлек, форумға арнайы келген Apple, Google компаниясының өкілдерімен де бірқатар құжатқа қол қоймақ.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Осы жылдан бастап университеттің негізінде Apple орталықтары ашылады. Huawei компанияcымен былтыр келістік. 50 цифрлық лаборатория зертханалар ашылады. Бұл біздің оқушыларымызға студенттерімізге халықаралық сертификат алуға мүмкіндік береді. Google-мен де келісімге келіп жатырмыз.

Форумда БҰҰ-ын реформалау секілді әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелер көтерілді. Сарапшылар Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ұйым бүгінгі проблемаларды шешуге қауқарсыз дейді.

Стивен Коу, халықаралық журналист:

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет. Ұйым бүгінде функциясын атқарып отырған жоқ. Бұдан бөлек, БҰҰ бұған дейін жылдап ауыз су мәселесін көтерген жоқ. Климаттың өзгеруі су тапшылығына әкеліп отыр. Бұған қоса адами факторлар да бар.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау саласының беделді мамандары да пікір алмасты. Сарапшылар алдымен пандемиядан сабақ алуымыз қажет деп отыр. Ал ол үшін Дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік агенттігін құрудың маңызды екеніне тоқталды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу