Жаз маусымында әлемнің кез-келген аумағында өрт қаупі жоғары болады. Соңғы жылдары мұндай апаттардың ауқымы да үлкен болып тұр. Мұхиттың арғы бетінде де алапат өртпен күрес жүріп жатыр. Канададағы орман өртін тоқтату әлі мүмкін болмай тұр. Ел билігі бүкіл ұлттық құтқару тобын жұмылдырды. Шет мемлекеттер де көмек жіберіп жатыр.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Канадағы орман өрті осыдан бір апта бұрын басталған еді. Cанаулы күнде төрт млн гектар алқапты күлге айналдырып үлгерді. Қазіргі кезде төрт жүздің үстінде өрт ошақтары тіркелсе, оның тең жартысы бақылаудан шығып, ырық бермей тұр. Тіпті, ауқымы кеңіп, елдің көп бөлігін жалын шарпыды. Мамандар желдің күшеюіне байланысты өрттің таралу аумағы кеңейеді деп мәлімдеді. Жергілікті билік бүгін Тумблер Ридж қаласының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы бұйрық шығарды. Ал зиянды түтін тұтас елді торлап тұр.
Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:
Бүкіл ел бойынша адамдар зардап шегуде. Әсіресе, денсаулығында кінәраты бар адамдарға қауіпті. Ашық аспан астындағы іс-шаралар тоқтатылды, балаларды үзіліс кезінде сыныптан шықпауы тиіс.
Ал Америкадағы Нью Иорк, Вашингтон және Филадельфия сияқты ірі қалалардың аспаны бүгін сейіліп, ауа сапасы біршама жақсарғанымен, түтін желдің екпінімен орталық және оңтүстік штаттарға тарап жатыр. Салдарынан Чикаго, Цинциннати, Питтсбург және Кливленд қалаларында ауа ластана түсті. Жалпы, қазіргі кезде орман өртінің түтіні он бес штатты басып үлгерді. Бұл кейбір шаһарларда әуе рейстерін тағы да кейінге шегеруге мәжбүр етіп жатыр. Ал мамандар ауадағы зиянды заттар бірнеше күнсіз кетпейді деп ескертті.
Жалғас Сәдібекұлы