Абай облысындағы өрт кезінде хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адамның жанып кеткен денесі табылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мәлімдеді. Нұрболат Дербісов сәлден кейін бізбен тікелей байланысқа шығады. Сондай-ақ, бізге келіп түскен соңғы ақпарат бойынша, үш үй мен бірнеше техника өртеніп кетті. Екі күн бойы ырық бермеген орман өрті бүгін бақылауға алынды. Орманға жақын орналасқан Бородулиха, БарышЕвка ауылдарына қазір қауіп жоқ. Сонымен қатар, Семейден 30 шақырымдай жердегі Озерки ауылдық округінің Каштак, Полинки, Тепкаши және Талица ауылдарының қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындары үйлеріне орала бастады.
Борышовка ауылының тұрғыны Нұркәрімов Ержанның 4 бөлмелі үйін әп-сәтте қызыл жалын жалмаған. Ол отбасымен үйден қашып шығуға ғана үлгеріпті. «Бастысы аман қалдық, дүние –мүлік қалпына келер!».-деп сабырлық танытып отыр.
Ержан Нұркәрімов, Борышовка ауылының тұрғыны:
Құжаттарымыз жанып кетті. Дүние-мүліктің бәрі жанды. Тауық, қояндар жанып кетті. Бар үлгергеніміз үлкен қара бас малдарымызды шығарып алдық. Техникаларымызды алып үлгердік, болды.
Алапат өрт бірнеше ауылға қауіп төндірді. Қазір мамандар елді-мекендерге төнген қатердің бетін қайтарды. Бүгін орман өртімен күресте опат болған тағы бір адамның денесі табылды.
Нұрболат Дербісов ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
14 адамның 5 адамы табылды деген мәлімет бар. Жанып кеткен техникалар да бар. Бірақ бұның бәрін толыққанды Полиция департаменті тиісті мамандар жұмыс жасап жатыр. Толық мәлімет болмағандықтан, олардың аты-жөндерін анықтау әлі мүмкін емес.
Өртті ауыздықтау үшін 922 адам, 200-ден астам техника жұмылдырылды. 8 тікұшақ жалынды әуеден сөндіруді жалғастырып жатыр.
Ержан Жақып, тілші:
Қазір Бородулиха ауданының тұғындары мен Семейден келген еріктілер тілсіз жаумен күресуге өз үлестерін қосып жатыр. Жирновка ауылының шетінен тамақтану пунктін құрған. Сөйтіп күніне бірнеше рет ыстық тағам дайындап, ас-суын өрт сөндірушілерге жеткізіп жатыр.
Өртенген аумаққа жақын елді мекен тұрғындары, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қолдан келгенше көмектерін аяп жатқан жоқ.
Виктор Бекетов, Бородулиха ауылының тұрғыны:
Тұрғындар аянып қалып жатқан жоқ. Су тасу үшін, көлігімізді қолдануға беріп жатырмыз. Қаржы жинап жатқандар бар. Бородулиха ауданындағы алыс ауылдардан адамдар келді. Өмір бойы осы жерде тұрып, еңбек етіп келеміз. Сондықтан, орманымызды қорғауға қолдан келгенді істеп жатырмыз.
Өрт қаупі төнген Талица, Каштак, Половинка ауылдарынан эвакуацияланған тұрғындар біртіндеп үйлеріне орала бастаған.
Тілсіз жауды мамандар бақылауға алғанмен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Қатты жел жалынды біржолата сөндіруге әлі де болса кедергі келтіріп тұр.
Ержан Жақып