Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды

11.06.2023

Президент 12 маусымды Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды. Ертең мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Ойын-сауықтық шаралар мен осы мазмұндағы телебағдарламалар тоқтатылады. Соңғы рет қазақ халқы былтыр қаралы қаңтар құрбандарын еске алып, аза тұтқан еді. 2020 жылдан бері, яғни соңғы 3 жылда 4-ші рет жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып отыр. 2020 жылдың 13 шілдесінде коронавирустан көз жұмғандарды, ал 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұттық.

Жұрт қара жамылып жатқанда кей шенеуніктердің есеп үшін жұмыс істейтіні қынжылтады. Дәл бүгін әлеуметтік желілерде «президент келе жатқандықтан, Абай облысындағы шұрық-тесік жолдарды жанталасып жамай бастапты» деген сын айтылып еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жеткен көрінеді. Президент бұл әрекет үшін Абай әкімдігі жауап беретінін айтты.


Хабарламаларға жазылу