Тығыз әрі сапасыз салынған үйлер – Алматының басты проблемасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тығыз әрі сапасыз салынған үйлер – Алматының басты проблемасы

11.06.2023

Тығыз әрі сапасыз салынған үйлер – Алматының да басты проблемасы. Осы аптада Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жаңадан салынған тұрғын үйлерге шағымның тым көп түсіп жатқанын айтып, жауаптыларға құрылысты қатаң бақылауды тапсырған еді. Алматыдағы тұрғын үйлердің сапасы, қауіпсіздігі мәселесі ақпанда Түркияда болған ірі жер сілкінісінен бері айтылып келеді. 50 мың адамның өмірін жалмаған зілзаладан соң алматылық сәулетішлер де дабыл қаға бастады. «Әр үшінші ғимарат жер сілкінісіне төзе алмайды» дегендер де болды. Алматыдағы кей тұрғын үй кешендерінің арасындағы қашықтық небәрі 7-10 метр.

Сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз болу үшін талап бойынша 20-30 метрден кем болмауы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үйлердің сапасыздығына басты себеп: табысты ғана көздеген құрылыс компаниялары мен заңбұзулықтарға көз жұмып отыра берген шенеуніктер. Әйгерім Ердәулет жалғастырады.

Үйді 15-20 жылға қарызға алған тұрғындардың базынасымен кез-келгеннің келісетіні анық. Бұл - соңғы уақытта ең көп сынға іліккен «Алма сити-5» тұрғын үй кешені. Жұршылық кез-келген уақытта құбырымыз да, қабырғамыз да жарыла кетеді дейді. Кешқұрым үшінші қабаттан бастап суық судың қысымы жетпейді, ал жертөле керісінше судан құрғамайды.

Ал 15 мың тұрғынның жайлығы үшін жұмыс істеп жатырмыз деген компания, осы уақытқа дейін үйді күтіп ұстау үшін көпшіліктің қанша қаражат жинап бергенін дөп басып айта алмады. Тек, олардың қарызын есептеп берді.

Венера Поласова, «Алма сити сервис» ЖШС атқарушы директоры:

Қазір оның 32 миллионы қарыз халықтың бүгінгі күнге төленбей отырғаны. Толығымен ЖК бойынша апаттық ситуациялар, подвалдардың бәрін тазалау жұмыстарына жаңағы жұмыс топтары, күнделікті терезелер сынып жатады, есіктер сынып жатады. Бір подъезде кейде 30 бала тұрады. Соған байланысты күнделікті өтінім түсуіне байланысты жұмыстар жүргізілуде. 

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Міне, дәл осындай сары ыстық сумен тұрғындар амалдың жоқтығынан екі жылдан бері жуынып-шәйініп келеміз, дейді.

«Қазақстрой» тұрғындарға алажаздай осындай ыстық суға әлі де түсе тұруларына тура келеді деп отыр. Өйткені, әу бастағы жоспарымыз уақытында орындалмай қалды, дейді.

Төлеген Болатбекұлы, құрылыс компаниясының өкілі:

Үй салынғанда паралель инфрақұрылымдық инженерлік желілер деген бар, соны салынады деген болатын. Қазіргі күнге енді бітіп жатыр. Қазақстрой тарапынан қосылып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша инженерлік желілердің бәрін ауыстырып, жаңа насос станция мен резервуарлар салынып жатыр. Суық су мәселесі жақын арада шешіледі, осы маусым айында. Трубопроводқа су жібереміз. Ал ыстық су бойынша шілде айларында бітуі мүмкін. Жаңа қазандыққа ауысу.

Урбанистер, мәселені екіжақты қарау керек, бірақ бұл сапаға әсер етпеуі шарт, дейді.

Аян Зикирин, урбанист:

Сұраныстың күрт көбейетініне мемлекет те, құрылыс компаниялары да дайын болмаған. Бірақ бұл жаппай сапасыз, инженерлік желісіз үй сала беруге ешкімге рұқсат бермейді. Бақылау әлсіз, орындау көңіл көншітпейді. Ал Түркиядағыдай жер сілкінсе сөзсіз шығын көп болады. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан зілзалаға төтеп бере алатындай құрылыс технологиясына ілесе алмай келе жатқаны рас.

Алматының қақ ортасында салынып жатқан мына тұрғын үй кешенінің құрылысы 7 айдан бері тоқтап тұр. Ал компания салымшылардың ақшасын жинап алған. Енді он жылдан бері тірнектеп жинағанымызды түгел құрылыс компаниясына құйып, далада қалдық деген салымшылардың шыдамы да таусылып барады. Компания ақшамызды қайтарып берсе де, ол соммаға дәл қазір үй таппаймыз, дейді.

Құрылыс компаниясы заңсыздыққа бармадық, оны дәлелдейтін құжаттарымыз қолымызда, дейді. Сөйтіп, жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасына қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов бекіткен деп мына тиісті құжатты алға тартты.

Елдос Көмекбаев, құрылыс компаниясының директоры:

Барлық тиісті мекемеден қажетті анықтаманы 8 ай жүріп жинадық. Құрылысты бастаған соң, бір айдан кейін оны тоқтатыңдар деді. Екі рет сотқа бердік, екеуіне де сот біздің тарапқа оң шешім шығарды. Енді 2 маусым күні мемлекеттік орган аппеляциялық шағым түсірді деп хабарлама келді. Е-гов арқылы мақұлданған құжатқа біздің не қатысымыз бар, әкімдіктің былығы ғой.

Бірақ қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде компания құрылысты заңсыз бастап, кейіннен рұқсат құжатын рәсімдеп алған деді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Бұл тұрғын үй заңсыз салынған. Ол «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрамына кіретін Баум тоғайының жанында орналасқан, оның айналасындағы санитарлық аймақ 1 шақырымды құрайды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Бұл жобаға бұрын нақты кімнің рұқсат бергені анықталу үстінде.

Алматыда осындай заңсыз салынған нысанның саны 82-ге жеткен. Оның 27-сі бұзылсын деген соттың шешімі бар.

Медет Рабаев, Қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

44 нысан бойынша сот талқылаулары жүргізілуде. 11 нысан бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары шұңқыр деңгейінде тоқтатылды.

Бір ғана Алматы әкімдігі әзірге 20 кешеннің ешқандай рұқсат жоқ екенін айтып, тұрғындарға дәл осы тұрғын үйге ақша құймауға кеңес берді.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Мәселен жарнамасы ғаламторда өріп жүрген «Төле би Резиденс» тұрғын үй кешенін «Адал сити строй» компаниясы дәл осы жерде, яғни, Алматының Қарасай мен Аносов көшесінің қиылысында саламыз деп салымшыларды сендіріп келген. Ал құрылыс басқармасы олардың ешқандай рұқсат қағазы жоқ деп отыр. Компания дәл осы жерде 231 пәтерді бизнес санатта биыл және келесі жылы тапсырамыз деп ашық жарнама жасап отыр.

Аян Зикирин, урбанист:

Мұның бәрі жүйенің істен шыққанын білдіреді. Дамыған елдердегілей жайлы өмір сүруге жағдай жасалмағанын бір ғана мысалмен айтуға болады. Мәселен, Лондонда адамның қолайлы күн көруі үшін 500 индикатор бар, бізде ше? Бізде ол туралы ақпараттың өзін табу қиын. Ал тұрғын үйдің қолайлығын әр адам басына қарастырылған шаршы метрге қарап аңғаруға болады. Мәселен онда бір адамға 50-60 шаршы метр берілсе, бізде бас қаланың өзінде 20 шаршы. Ал басқа қалаларда тіпті төмен.

Жүгенсіз кеткен құрылысты қадағалау үшін Алматы әкімдігі Қала құрылысы жөніндегі Кодекс қабылдау туралы ұсынысын үкіметке жеткізген. Бұл құжат құрылыс компанияларын тұрғындардың шағымынсыз-ақ тексеруге мүмкіндік беруі тиіс. Енді тек сапалы үйлер ғана салынады деп сенгіміз келеді. Ал «Алма сити» сияқты кешендердің жұрты барына қанағат қылуға мәжбүр...

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу