Алматылықтар өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр

12.06.2023

Алматылықтар Абай облысындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек жинауда. Көмекке мұқтаж жандарға ауыз судан бастап, көрпе-төсек, азық-түлік әкеліп өткізуге болады. Жиналған заттарды тез арада тиеп жіберуге еріктілер де дайын отыр. Алматылықтар бүгін таңғы 10-нан бастап Абай облысындағы алапат өртті ауыздықтауға күш салып жатқан мамандар мен ауылдан көшірілген ағайынға керек-жарақты жинауға кірісті. Қолында барын әкеліп өткізіп жатқан жандар көп-ақ. Соның бірі – өзі Семейдің тумасы, 22 жастағы Алмас Ержанұлы.

Алмас Ержанұлы, қала тұрғыны:

Өзім сол Семейде қазіргі таңда жұмысыма байланысты бола алмағандықтан, былай көмек ретінде осылай азық-түлікті әкеліп отырған жайым бар, ниетім бар. Барлық қазақстандықтарды осы іс-шараға шақырамын.

Жедел жөнелтілетін көмек Абай облысындағы ахуал тұрақталғанша, үздіксіз жіберіледі. Оған дейін волонтерлар қалалықтар мен кәсіпкерлердің таңғы сағат 10-нан кешкі 7-ге дейін әкелген ең қажетті заттарын Байтұрсынов көшесі, 22 үйде қабылдайды.

Әзизбек Қажденбек, жастар саясаты басқармасының басшысы:

Біз күні кеше ғана Абай облысындағы штабпен сөйлескеннен кейін қазіргі таңда гуманитарлық көмекке мұқтаждық бар екенін білгеннен кейін, оған дейін біздің белсенді тұрғындарымыз бар, белсенді волонтерлік республикалық Алматы қаласында ұйымдар бар, солардың бәрі де осы волонтерлікқ фронт-офисқа хабарласқан болатын. Сондықтан біз опер штабпен хабарласып, бүгіннен бастап гуманитарлық көмекті ашуды құп көрдік.

Қазіргі уақытта Абай облысына ең қажетті заттар көрпелер, тыныс алу маскалары, термос, қол шамы, қуаттағыштар. Сондай-ақ жөргектер, дымқыл майлықтар және гигиена құралдары да артық болмайды. Ал азық түліктен жолда бұзылмайтын, әсіресе консервіленген өнімдер қажет.

Бағдат Анарбаева, қалалық еріктілер фронт-кеңсесінің жетекшісі:

Қазіргі таңда біз Семей қаласындағы штабапен байланыстамыз. Сол штабтан біз қандай заттар керек екенін біз тізімін алған болатынбыз. Кейіннен осы заттарды Семей қаласына тасымалдаймыз деп жатырмыз. Әрине, Семейден әрі қарай Абай облысына дейін жеткізу қиын болса, ол жағына да біз қосылатын боламыз.

Жақында Түркияға 50 тоннадан астам, былтыр Қостанай облысындағы өрт кезінде 10 мың тонна гуманитарлық көмек жіберген алматылықтар, осы жолы да Абай облысына кем дегенде 10 мың тонна тауар жібермек.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу