Табиғи өртке қарсы әрекет ету алгоритмі қайта қаралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғи өртке қарсы әрекет ету алгоритмі қайта қаралады

13.06.2023

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртке қатысты бірқатар министрліктердің жұмысын сынап, нақты тапсырмалар берді. Қазір өртті сөндіру жұмыстарымен қатар оның шығу себептері де зерттеліп, тексеріліп жатыр. Бірнеше болжамның ішінде қасақана жасау нұсқасы да бар екен.

Үкіметтегі жиын бір минут үнсіздіктен басталды. Орманшыларды мерт қылып, 60 мың гектар аумақты шалған өрт әлі де жалғасып жатыр. Премьер-Министр жауапты министрліктердің жұмысын сынады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Мен бұған дейін өрт кеңінен тарамай тұрып, басталған сәтте шұғыл әрекет ету керектігін ескерткен едім. Өрттің таралуын жол бермеу үшін техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да дер кезінде дұрыс шешім қабылданбағанын айтады.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біз әуел басында өртті ауыздықтайтын кезді өткізіп алдық. Естеріңізде болса 22-мамырда дәл осында өрт болған. 5 мың гектардай жер өртенген. Оны дер кезінде сөндірді. Ал, бұл жолы анығы сол, жағдай дұрыс бағаланбаған.

Немқұрайлылық. Өрттің шығуына бұдан басқа да болжамдар бар. Ал, ішкі істер министрі өрт қасақана жасалуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармады. Сондай-ақ, экс-министр Юрий Ильинге қатысты тескеріс жүргізілетінін айтты.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Президент Бас прокурорға тапсырма берді, оның аясында тексеру жүргізіледі. Өрт дерегінің өзі төтенше жағдай, адамдар қаза болды, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру болады. Кім және неге дер кезінде шара қолданбады, мүмкін немқұрайлық немесе қызметтік міндеттерін орындамау, мұның бәрі тексеріледі.

Абай облысының әкімі есеп берді. Қазір елді-мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Өңірдегі өртпен күреске 14 тікұшақ, 300-ден аса техника және мыңжарым адам жұмылдырылған. «Семей Орманы» резеруатында техника тозған, қажетті құрал-жабдық тапшы деген пікірлер айтылып, дәлелденіп жатыр. Бірақ, бір қызығы резеруатқа биылдың өзінде млрдтардтаған қаражат бөлінген екен.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Өйткені сол тек ғана семей орманы резерватының өзіне биыл 6 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған болатын. Қазір сараптап сол ақша неге дер кезінде жеткізілмеді немесе қандай олқылық, кемшілік болды мұны комиссия анықтау керек.

Апат айтып келмегенімен, қайтып келетін кездері болады. Былтыр Қостанайда қарағайдың басын өрт шалғаны ауыр сынақ болғаны рас. Бірақ, сабақ бола алды ма? Өйткені, апаттың алдын алу және дер кезінде шешім қабылдап, қимылдау жағы ақсап тұр. Сондықтан, үкімет басшысы экология министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігіне арнайы шара қабылдап, табиғи өрттерге қатысты алгоритмді қайта түзуді тапсырды. Яғни, орманға оралып үйренген жаумен күресуді үйрену керек.


Хабарламаларға жазылу