Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген 20-ға жуық адамның сүйегі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген 20-ға жуық адамның сүйегі табылды

13.06.2023

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген 20-ға жуық адамның сүйегі табылды. Қалай болса, солай көміліп, аяқ асты болған қаңқалар Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылынан қазып алынды. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтардың сөзінше, елді-мекен маңында әлі 4 мыңнан астам адамның сүйегі болуы мүмкін.

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылынан 2018 жылға дейін 56 адамның сүйегі табылған еді. Олардың барлығы репрессия құрбандары екені расталды. Араға 5 жыл салып, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар көмілген жаңа аумақ анықталып отыр. Ол Рахымов көшесінің қақ ортасында орналасқан.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мына бас сүйекке оқ тиген дейді археологтар. Көріп тұрғандарыңыздай қатты зақымданған, тіпті бөлектеніп кеткен. Дәл қазір қазба жұмыстары жүріп жатқан аумақтан, екі метр тереңдікте жатқан тағы бірнеше адамның қаңқасы табылды. Міне, көріп тұрғандарыңыздай бас сүйегі, омыртқасы және қабырға сүйегі шығып, көрініп тұр.

Мұнда адам сүйектері бар екенін ең алғаш рет – осыдан 10 жыл бұрын ауыл тұрғындары анықтаған. Үйіне су құбырын тартпақ болған жұрт қазылған аумақтан бірнеше адамның қаңқасы шыққанын айтады. Осы кезге дейін зерттеу жұмыстарына қаржы таппаған тиісті
институттар, қазба жұмыстарын осыдан екі апта бұрын бастапты.

Досбол Байғұнақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Қазіргі таңда біз 15-20 адамның сүйегін тауып отырмыз. Ол сүйектер криминалистік орталықтарға тапсырылады. Одан кейін генетика институтына беріледі. Ол жерде олардың ДНҚ-сы анықталып, гендері белгілі болады. Егер туған-туыстарын іздеген азаматтар болатын болса, олар өздерінің ДНК-ын өткізу арқылы сол жерден өз ата-аналарының сүйектерін табуға мүмкіндік алады.

Қазба жұмыстарын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Есік» мемлекеттік қорық музейі бірлесіп жүргізіп жатыр. Шаруаға 40-тан астам адам жұмылдырылған. Аталған аумақтан адам қаңқасынан бөлек түрлі бұйымдар мен бағалы жәдігерлер табылып жатыр.

Нақтырақ айтсақ, сонау 1938-1954 жылдар аралығында басылып шыққан «Сталин жолы» газеті. «Латын әрпімен, қазақ тілінде жазылған газетті,- дейді зерттеушілер. Бұған дейін, көзілдіріктер де табылған екен. Яғни, сол кезде репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілгендердің басым бөлігі – қазақ зиялылары.

Руслан Шербаев, зерттеу тобының ғылыми қызметкері:

Біз әлі мынадай ашық жерден таба алмай жатырмыз. Біз әлі түсінбей жатырмыз. 10 адамнан, 20 адамнан атты ма?! Білмей жатырмыз. Кішігірім шұңқырдың өзінен алдында 10 қап алынған екен. Біз артынша 8 қап шығарып жатырмыз. 4-5 метр жерден 12-13 адамның сүйегі шығып жатыр.

Қазір табылған сүйектер мен заттар Жаңалық ауылындағы музей аумағында ұйымдастырылған дала зертханасында талданып жатыр. Алдағы уақытта сараптамаға жіберіледі. Археологтардың айтуынша, елдімекен маңында әлі 4 мыңнан астам адамның қаңқасы жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу