Қазақстанда жылына 8 мыңнан астам десантшы парашютпен секіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жылына 8 мыңнан астам десантшы парашютпен секіреді

13.06.2023

Қазақстанда жылына 8 мыңнан астам десантшы парашютпен секіреді. Олардың 30 пайызы - әскер қатарына жаңадан қосылған сарбаздар. Жауынгерлердің қауіпсіздігі тікелей парашюттің сапалы болуына байланысты. Осы тұста әуе күштерінің қолқанатына айналған парашют жөндеуші мамандарды айтпасқа болмайды. Олардың жұмысын тілшіміз көріп қайтты.

Бұл Қонаев қаласында орналасқан 32363 әскери бөлімінің жанындағы парашюттерді жөндеуге, жаңартуға арналған арнайы шеберхана. Ресми атауы «Әуе-десанттық техникалық жөндеу және қызмет көрсету бөлімі». Шеберхана екіге бөлінеді.

Арсен Қадырманов, 32363 Әскери бөлімінің взвод командирі, нұсқаушы:

Парашютпен жерге қонар кезде оның күмбезі ағаш немесе басқа кедерегілерге ілініп, зақымдануы мүмкін. Біз қазір «Тігін шеберханасында» тұрмыз. Мұнда 7 адам оның жыртығын жамап, ақауын түзеп ,қайта қолдануға жібереді.

Техникалық бөлімде парашюттердің аспалы жүйесі, реттеуші жүйесі, сақтандырғыш құрылғылары жөнделеді. Мұнда 10-нан астам тұрақты нұсқаушы мен мерзімді әскери қызметтегі жігіттер жұмыс істейді. Еліміздегі он мыңдаған десантшының қауіпсізідігі мен өмірі осы мамандардың қолында.

Ертай Арапов, 32363 Әскери бөлімінің әуе-десанттық техникасы мен мүлкін жөндеу шебері:

Бұны істеу үшін екі апталық дайындықтан өткізіледі. Сынақтар тапсырылады. Қолынан келетіндігі тексеріледі. Соған қарай осында жіберіледі. Нұсқамаға сәйкес 6 ай сайын парашюттер тексерілуі керек. Егер тексерілмесе, қолданысқа берілмейді.

Шеберханада жылына екі рет 1000-нан астам парашют тексеріледі. Айта кету керек, Қазақстанда жылына 8000 десантшы парашют арқылы секіріп жаттығады. Сондықтан әуеде қалқу құрылғысының сапасына аса мән беріледі.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу