Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беріле бастады

14.06.2023

Түркістан облысында тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беріле бастады. Қазір 2,5 пайыздық несиеге бірнеше ауданның тұрғындары қол жеткізді. Президент пәрменімен ауыл халқын қолдау және жұмыспен қамту мақсатында бөлінген 11 млрд теңге өсімдік, мал, құс және балық шаруашылықтарын дамытуға жұмсалады.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен айналысатын кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтауға және тұрғындардың жеке кәсібін ашуға берілмек. Қаражатқа қол жеткізгендер қатарында Сайрам ауданының тұрғыны Тұрар Сүлейменов те бар.

Тұрар Сүлейменов, шаруа:

Сүтті сиыр алдым, нью гоолейштейн аралас тұқымды сиырларды алып келдім. Сүттерін өткіземіз. Осы Ақбұлақ ауылында өзімізде ашылған сыр зауыты бар. Інім бар, әйтеуір осы үйдегі барлық адамдар сонымен тіршілік етеміз. 

Аталған жобаны іске асыру барысында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Оған қатысатын ауылдық округтерде 76 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Осы қаражаттың арқасында әрбір тұрғынға 8 млн теңгеге дейін несие беріліп, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

Нұрлыбек Исаев, «Түркістан» ӘКК  басқарма төрағасының орынбасары:

Екінші этапта қазір 8,7 млрд теңге қосымша қаражат келіп жатыр. Оған біз қосымша 16 ауданнан екі-екі ауылдық округтен бекітіп, сол ауылды қаржыландырамыз. Жалпы бізде қазір 34 ауылдық округ болады. 4 мың адамға несие береміз деген жоспар бар.



Айнұр Әбілқасымова


Хабарламаларға жазылу