Оралдағы қазақ тілін үйрету курсында украин қызы сабақ береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы қазақ тілін үйрету курсында украин қызы сабақ береді

14.06.2023

Оралда «Сөйле» тегін тіл үйрету клубында украин қызы Ирина Суетина сабақ береді. Ол — «Мемлекеттік тіл — Тәуелсіздік нышаны» республикалық байқауының бас жүлдегері, қазақ тілінің белсенді насихатшысы. Сабақ берудегі әдіс-тәсілі де ерекше.

Украин қызы Ирина Суетина қазақ тілін үйрету курсында ойын әдістерін жиі қолданады. Қатысушылармен бірге ән айтып, өлең оқиды. Ауылда өсіп, бала кезден қазақ тілін жетік білетін ол тіл үйрену үшін «орта, ниет және уақыт қажет» дейді.

Ирина Суетина, мұғалім:

Өзге ұлт өкілдері өте көп келеді. Бұл қуантатын жағдай. Өйткені біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесі артып жатыр. Яғни «тек орыс тілін, ағылшын тілін білуің керек, мемлекеттік тілді білудің қажеттілігі жоқ» деген стереотип жойылды. Сол үшін қуанамыз.

Ирина - №26 қалалық мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі. Қосымша «Сөйле» клубында сабақ береді.

 Милана Шарустамова, курсқа қатысушы:

Біз бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Сабақ өте ұнады. Топқа жазылдық. Енді курсқа қатысып, қазақ тілін үйренеміз.

«Сөйле» клубы еліміздің 12 аймағында жұмыс істеп тұр. Қазір екі мыңнан аса қатысушы тіл үйреніп жүр.

 Нұржан Жетпісбаев, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

Біріншіден, тренер, сабақ беруші Ирина ханым мемлекеттік тілді өте керемет меңгерген Екіншіден, ол азамат барлығына махаббатпен, ілтипатпен қарауы қатысушыларды тартып отырғанын байқап қалдым.

Клуб мақсаты – «мемлекеттік тілді меңгерем» деген ерікті азаматтарды барынша көбірек тарту. Сабақ аптасына екі рет: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым бағытында тегін жүреді.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу