Тұманды Альбионда да тілсіз жау өршіп тұр. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, өртпен күресуден бұрын оның алдын алу керек. Сондықтан олар жоғары технологиялардың көмегіне жүгінуде.
Ұлыбританияда былтырғы аптап ыстықта өрт жағдайлары көп болды. Тілсіз жау Лондонның шығысындағы Веннингтон ауданын түгел шарпыды. Биыл да жағдай мәз емес. Соңғы екі апта көлемінде ел тарихындағы ең үлкен өрттердің бірі тіркелді. Шотландиядағы ормандар отқа оранды.
Том Смит, Лондон экономика мектебі университетінің профессоры:
Болжамдарға сенсек, жаһандық жылынудың кесірінен жағдай ушыға бермек. Егер, әрине, көмірқышқыл газының тарауын азайтпасақ.
Ғалымдар өрттердің алдын алу маңызды дейді. Сондықтан олар қызыл жалынның ықтималдылығы жоғары жерлерді компьютерлік технологиялардың көмегімен анықтауда. Жасанды интеллекттің де көмегі көп.
Андре Чанг, Robotics Cats компаниясының бас директоры:
Өрт сөндірушілер алдында шынымен де қиын міндет тұр. Олардың дер кезінде әрекет етуге мүмкіндіктері бола бермейді. Ал камералар бүкіл ақпаратты жасанды интеллект арқылы сараптап отырады. Тілсіз жаудың тұтанған жері ертерек анықталса, оны ауыздықтауға көп шығын кетпейді.
Технологиялар озық болғанымен, өрт сөндірушілердің айлығы аз болып тұр. Қысқартулар да көп, жұмыс күші жетіспейді. Сондықтан қауіпті мамандық иелері ереуілге шыққысы да келген. Қазір үкімет пен кәсіподақ ұйымдары келіссөздер жүргізіп жатыр.
Марина Бекенова