Алматыда ақшаға құнығып, шетелдік туристерді алдайтын такси жүргізушілеріне тоқтау болмай тұр. Кезекті келеңсіз жағдайға Үндістаннан келген ерлі-зайыпты тап болған. Такси жүргізушісі діттеген жеріне жеткізген соң шетелдіктердің соңғы тиынына дейін сыпырып алған. Жиілеп кеткен мұндай әрекеттер елдің имиджі мен туризм саласына керіп әсер етуі мүмкін,- дейді мамандар. Жүгенсіз кеткен жүргізушілерге жаза қандай?
Үндістан азаматтары - ерлі-зайыпты Пуджа Баджадж бен Ранджан Сапра Қазақстанға алғаш рет саяхаттап келген. Алматының әсем жерлерін аралап, сұлу табиғатына тамсану үшін келген туристер әуежайдан-ақ алданып қалған. Жолай ұстаған такси жүргізушісі діттеген жеріне келгенде, 50 мың теңге сұраған.
Пуджа Баджадж Сапра, турист:
Біз Алматы әуежайына келгенде, соңғы ақшамызды санап бердік, тіпті, тамақ алатын ақшамыз болмады. Тек ертесіне банкоматтан шешіп алдық. Қазақстанның табиғаты сұлу екен. Алматыдан алған әсеріміз де зор. Бірақ такси жүргізушісінің әрекетіне көңіліміз түсіп қалғаны рас.
Десе де, туристер полицияға арыз жазбаған. Қазір өз еліне қайтып кетіпті. Ал тәртіп сақшылары 46 жастағы такси жүргізушін тауып, мән-жайды тексеріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Тасымалдаушының сөзіне сенетін болсақ , ол сол жұптан 6-ақ мың тенге алып отырмын дейді. Енді тексеру жұмыстары енді басталды. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Негізі Алматы қаласында бұндай деректер соңғы кезде жиі кездесіп жатады.
Ол рас, әрине. Соңғы рет шетелдіктерді екі рет алдап, таяқ тастам жерге қыруар қаржы сұраған такси жүргізушісі жазаланды. Ол 5 күнге қамауға алынған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр. Сондай-ақ шетелдіктерге қатысты тағы бір сұмдық жағдай. Турист қызға дөрекілік көрсетіп, бар күшімен итеріп құлатқан полиция қызметкері де жауапқа тартылып, жұмыстан қуылды.
Раушан Шәміл, ҚР Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті:
Туристер бір-екі жағдай сондай болғаннан кейін келмей қалуы мүмкін. Біздікілердің әлі күнге дейін мәдениеті осы жағынан төмендеу болып тұрған болып тұр ғой. Сондықтан таксистермен біраз әңгіме жүргізіп, іс-шара жүргізу керек. Алдын ала ақпараттарды неше түрлі тілде аэропортқа іліп қоятын болдық. Оған таксистердің бағасын, көлемділіғі қандай болатындығын көрсетіп, жасайық деп жатырмыз.
Жалпы туризм саласын дамытуға, елдің оң имиджін қалыптастыруға, шетел азаматтары үшін тартымдылықты арттыруға қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Сондықтан сала мамандары ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне қарсы жұмысты күшейту керек деп отыр. Себебі, келеңсіз жағдайлар жиілесе, туристер легі азайып қана қоймай, оң имиджге деп көзделген миллиондаған қаржы желге ұшуы мүмкін.
Жазира Оразқызы